Жарияланды: 520

Елбасы: Мені қолдап жүрген халқымнан айналайын!

Елбасы: Мені қолдап жүрген халқымнан айналайын!

Мені қолдап жүрген халқымнан айналайын! Бұл туралы бүгін Астана-Арена стадионындағы «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» спорттық бұқаралық акция барысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Осы жылдардың ішінде жетістіктерді жасаған қазақстандықтар сіздерсіздер. Біз сіздерге қызмет ететін адамдармыз. Қорғап, қолдап, бірнеше мәрте сайлап, басына көтерген халқымнан айналайын! », - деді Елбасы. Президент бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтай келе, «Менің атыма айтылып жатқан жақсы сөздерге ризашылығымды білдіріп, рахметімді айтамын. Бүгін жай күн емес, әрине алғаш Президент - ол мен. 1991 жылы тұңғыш рет мен сайланған болатынмын. Бірақ, мәселе онда емес. Қазақ халқы өзінің тарихында тұңғыш рет тәуелсіз ел болып, өзінің Көшбасшысын сайлады. Сол сенімнің арқасында мен Қазақстанның тәуелсіздігін жариялап алдым. Әйтпесе ол болмас еді. Негізгі мәселе содан шықты. Халық маған жауапкершілік артып, иығыма сенімдерін жүктеді. Осы шаруаны алға қарай алып жүруге міндеттеді. Сондықтан мен тек қана халықтың тапсырмасын орындаған адаммын», - деп түйді Н. Назарбаев.Еліміздің жастары мақсат-міндетті жауапкершілікпен атқаратынына сенемін. Бұл туралы бүгін «Астана-Арена» стадионындағы «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» спорттық бұқаралық акция барысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. «2050 жылы менің ойымша, Қазақстан сауатты халық болады. Ел халқы үш тілді жетік меңгереді. Қазақ тілі жаппай қазақстандықтардың тілі болады да, соның төңірегінде Қазақстан ұлты деген бір ұлт пайда болады», - деді Президент. Осы орайда Мемлекет басшысы жастарға білім мен бәсеке жолында еңбек етуге шақырды. «2050 жылы жер бетінде 9 млрд. адам тұратын болады. Соның ішінде бәсекелестік артады. Осы бәсекеден біз жеңіп шықпасақ, артта қалуымыз мүмкін. Сондықтан еліміздің жастары осы мақсат-міндетті жауапкершілікпен атқаратынына сенемін», - деп түйді Н. Назарбаев. Қазақ жерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу - біздің парызымыз. «Сіздер жастар тәуелсіздіктің құрдасы болып табыласыздар. Сіздер басқа заманда өмірге келдіңіздер», - деп тоқталған Мемлекет басшысы: «Мына ұлы далада бабаларымыздың қаны мен тері төгілген. Сол кең даланы әрі қарай аман-есен алып барып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу - біздің парызымыз», - деді. Президент 20 жылдың ішінде Қазақстан жоғары мақсаттарға қол жеткізгенін, экономика түзеліп, жағдай жақсарғанын атап өтті. «Ешбір қазақ шетелде жалшылықта жүрген жоқ», - деп атап өтті Н. Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығайып, Қазақстанды бүкіл дүниежүзі танығанын, еліміз үлкен құрметке бөленгенін тілге тиек етті. «Болашақта осы жұмыстарды әрі қарай атқаратын сіздер боласыздар. Сондықтан жасалып жатқан барлық шаруалар сіздер үшін! Осы орайда біздің мойнымыздағы міндет болашақта жастарға жүктеледі», - деп түйді Н. Назарбаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін