Жарияланды: 850

Елбасы мұсылман елдеріндегі проблемаларды шешу ислам әлемінің ішінен жүргізілуі қажеттігін атап өтті

Елбасы мұсылман елдеріндегі проблемаларды шешу ислам әлемінің ішінен жүргізілуі қажеттігін атап өтті

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясының ашылу рәсіміне қатысты,

деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі. Кеңес сессиясының жұмысы Тәуелсіздік сарайында өтіп, оған ИКҰ-на мүше 57 елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, ИКҰ жанындағы 11 бақылаушы елдің өкілдері, БҰҰ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, ЕҚЫҰ, ЕКПА, АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері, АҚШ, Ұлбыбритания, Австралия, ҚХР, ЕО және өзге елдердің өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде бүгінде Үмбет ауыр жағдайдағы әлемдегі нақты қауіп-қатерлер алдында тұрғанын атап өтті. Ислам қоғамдастығына бейбітшілік, жаңғырту, ғылыми-техникалық даму мен ағарту ісін қолға алу қажет. Үмбеттің экономикалық жиынтық әлеуеті түгесілмек емес, ынтымақтастық, өзара көмек және дамуды қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеу жөнінде күш-жігерді біріктіру қажет. Нақты пәрменді сауда-инвестициялық, технологиялық, әлеуметтік және білім беру бағдарламаларын іске асыруда Ұйымның басты қағидаты ретінде ислам ынтымақтастығы керек. Мемлекет басшысы Ұйымға мүше әрбір елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін атап өтті. ИКҰ-ға мүше елдердің экономикалық дамуының интегралды стратегиясын әзірлеуді ұсынды. - Осы арада үш апта бұрын болып өткен жетінші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында мен бірқатар нақты ұсыныстар айттым, олар, жалпы алғанда, қолдау тапты. Атап айтқанда, жетекші он мұсылман экономикасы тобы үшін диалог алаңын құруды ұсындым, - деді Президент. Мемлекет басшысы ИКҰ аясында ФАО түрі бойынша Өңірлік қор түрінде азық-түліктің өзара көмек жүйесін әзірлеу пайдалы екенін атап өтті. Бұған қоса мүдделі елдерден азық-түлік пулын құру мүмкіндігін қарастыруға болады. Мұндай ұйымның, мұндай Қордың штаб-пәтерін Қазақстанға орналастыруға болады. Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі проблемаларды шешу ислам әлемінің ішінен жүргізілу қажеттігін атап өтті. Ислам әлемі шикізаттақ векторынан индустриалдық-инновациялық дамуға өтуі қажет. Президент ИКҰ аясында энергетикалық саладағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық бойынша бірлескен іс-әрекет жоспарын әзірлеуді және қабылдауды, сондай-ақ Халықаралық инновация орталығын құруды ұсынды. Халықаралық сарапшылардың бағалаулары бойынша, 2030 жылы мұсылман әлемінде, ғаламшар халқының төрттен бірінен астамын құрайтын, 2,2 миллиард адам өмір сүретін болады. Орасан адам ресурстары білім мен ғылымның жоғары деңгейін қамтамасыз етуді талап етеді. Мемлекет басшысы басты міндет - ислам өркениетіне қызмет ететін, жаңа идеяларды жүзеге асыра алатын интеллектуалды элитаны тәрбиелеу болып табылатынын ерекше атап өтті. Президент ИКҰ жаһандық деңгейде жаңа ұсыныстар әзірлеу және шешімдер қабылдау үдересіне белсене араласуы тиістігіне тоқталды. Мемлекет басшысы Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттердің G-20 саммитіне қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Осының арқасында G-20-ның беделі көтеріліп қана қоймай, Ислам конференциясы ұйымына мүше елдерге халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымын қорғауға мүмкіндік береді. Қазақстан қуаттылығы жөнінен әлемде төртінші саналатын зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық полгонын жауып, ядролық қарудан азат орталық-азия аймағын құруға белсенді қатысушыға айналғаны белгілі. Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыста ядролық қарудан азат, ал келешекте жаһандық әлемде ядролық қарусыз аймақ қалыптастыруға шақырды. Президент ИКҰ-на қиын кезеңде төрағалық етіп отырғанын атап өтті. ХХІ ғасыр басында ислам әлемі айтарлықтай саяси сілкіністер мен әлеуметтік-экономикалық проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері ең алдымен экономикалық дамуға бар күшін салып, елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға баса мән беріп келеді. 20 жылдың ішінде жан басына шаққандағы ІЖӨ 12 еседен асты. Қазір бұл 10 мың долларды құрайды. Жақын бесжылдықта оның көлемін бір адам басына шаққанда 15 мың долларға жеткізу міндеті жоспарланып отыр. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың кірісі 17 есеге өсті. Әлемдік дағдарыстың ауыр жылдары Қазақстандағы жұмыссыздық өскен жоқ, оның деңгейі қысқарды. Бар-жоғы қысқа ғана 10 жылдың ішінде жаңа елорда - Астана қаласы бой көтерді. - Экономикалық дамуға басымдық беру арқылы біз қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуге, саяси тұрақтылық пен қоғамның рухани келісіміне қол жеткіздік. Қоғамның жаңғыруы, ислам қағидаттарын сақтай отырып, қайта ойлану - біздің жетістікке жетудегі жолымыз, міне, осы, - деді Президент. Мемлекет басшысы қазір алда екі маңызды міндет тұрғанын атап өтті. Бірінші міндет - саяси идеология ретінде діни фундаментализге қарсы тұрып үйрену. Исламның саяси зорлықпен, экстремизммен, терроризммен еш байланысы жоқ. - Жетінші Дүниежүзілік Ислам Экономикалық форумы барысында мен бірегей ислам-медиалық жобасын құруды ұсындым. Бүгінгі таңда Интернетте әрекет ететін қуатты медианың басқыншылығы білінеді. Осыған орай, мен «е-ISLAM» Интернет ресурсын құруды ұсынамын. Бұл ресурс Ұйым қызметінен ақпарат таратып, жастардың дінге, ислам мәдениетіне қызығушылығын ынталандырып, рухани мұсылмандық құндылықтарды ғаламтор арқылы таратуы шарт, - деді Президент. Екінші міндет - Мұсылман әлемі және Батыспен ашық әрі адал диалог орнықтыру. Қазақстанның ИКҰ-на төрағалығы осы игілікті идеяларға қол жеткізуге бағытталады. 2008 жылы Астанада Мұсылман әлемі мен Батыстың сыртқы істер министрлерінің конференциясы бірінші рет өтті. Үмбет елдері мен Батыс арасындағы өзара түсіністікті тереңдету жөніндегі диалог үшін мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 60-тан астам өкілдері оған қатысты. - «Өркениеттер соқтығысының» орнына біз «өркениеттер альянсы» деп атауды ұсынамыз. Кикілжіңге бару орнына, біз мұсылман және христиан әлемдері арасындағы ашық әрі адал диалогқа шақыруымызды жұртшылыққа естірте айтуға тиіспіз. Үмбет тарабынан жасалған мұндай қадамдар Исламға сенім мен құрметті нығайтады. Қазақстанда мұсылмандар мешіті, христиандар шіркеулері мен иудейлер синагогы бейбіт көршілестік қатынаста, сіздердің барып, көрулеріңізге де болады. Сонымен қатар 130-дан астам эностар тату-тәтті өмір сүруде. Бұл біздің еліміздің бейбітшілік пен толеранттықты насихаттауға іс жүзінде қосқан үлесі болып табылады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. Президент Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалығының мүмкіндіктері ИКҰ-мен байланыстарды кеңейту, мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы түсініктерді тереңдету, Еуропа мен АҚШ назарын Орталық Азиядағы талап-тілек пен проблемаларға тарту үшін пайдаланылғанын атап өтті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі аса құнды тәжірибені игере отырып, Қазақстан ИКҰ-ның министрліктер конференциясын басқарып, Ұйымның кез келген проблемаларына қатысты жан-жақты диалог үшін қолдан келгенің бәрін жасауға дайын. - Бізде бұдан бөлек Дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуден жинақталған әлеуетті жүзеге асырудың тамаша мүмкіндігі баршылық. Бұндай кезекті 4-і съез Астанада 2012 жылы өтеді. Бұған дін өкілдерін өз сөзімізді жалғастыру үшін қатысуға шақырамын. Астана диалог алаңы Батыстағы тәрізді және Шығыстағы тәрізді, көптеген жергілікті конфессияаралық кикілжіңдердің алдын алуға және оларды шешуге көмек көрсетуі мүмкін, - деді Н. Назарбаев. Сессия барысында сондай-ақ ИКҰ Бас хатшысы Э. Ихсаноғлы, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Х.Зарифи, ИКҰ-ның азиялық, африкандық және араб топтарының өкілдері сөз сөйледі. Тәжікстан ИКҰ СІМК 38-ші сессиясының төрағалық өкілеттігін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановқа тапсырды. Сессияда сондай-ақ ИКҰ СІМК 38-ші сессиясының Бюросы сайланып, ИКҰ-ның Жарғысы мен келісімге қол қойылды, Ұйымның жаңа атауы әрі жаңа эмблемасы бекітілді. Бұдан былай бұл ұйым - Ислам Ынтымақтастық Ұйымы деп аталатын болды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін