Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары басталды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары басталды

Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік сапары басталды. Кеше, 16-мамыр күні кешке Қазақстан мемлекет басшысы Пекинге келді,- деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

  • 17 Мамыр 2004
  • 509
Фото - Caravan.kz

Төрт күндік сапар барысында Қазақстан Елбасы ҚХР басшылығымен келіссөздер жүргізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы, халықаралық және аймақтық проблемалар жайында талқылайды. Сауда-экономикалық, энергетика, көлік, ауылшарашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Н.Назарбаев Қазақстан және Қытай кәсіпкерлері кеңесінің алғашқы отырысына қатысады. Оған екі елдің жетекші кәсіпорындары мен компанияларының өкілдері шақырылған. Сондай-ақ, өзара ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетін құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылады деп күтілуде. Комитетке екі ел үкімет басшыларының орынбасарлары тең төрағалық жасайды.

Сапар барысында сондай-ақ, бұдан бұрын да хабарланғанындай, Батыс Қазақстан-Батыс Қытай мұнай құбырын тарту туралы келісімге қол қойылмақшы. Екі ел ынтымақтастығы тарихындағы осынау ауқымды жоба биыл жүзеге асырыла бастайды.
Сапар барысында 19-мамырда Н.Назарбаев Қытайдың Шынжан-Ұйғыр автономиялық аймағының Үрімжі қаласында болып, Қытай Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің аймақтық парткомының хатшысы Ван Лэцюаньмен кездеседі.
Елбасы мұнда техника-экономикалық даму жөніндегі Үрімжі аймағы аумағында, жалпы Қытай территориясындағы тұңғыш Қазақстандық өндіріс — сусын өндіру жөніндегі «Райымбек фуд- Синьцзян» зауытының ресми ашылу шарасына қатысады. Сондай-ақ, Н.Назарбаев Үрімжі қаласында ҚР индустрия және сауда министрлігінің инвестицияларға ықпал жасау жөніндегі «Қазинвест» орталығы мен ҚР индустрия және сауда министрлігі ұйымдастыратын Қазақстан-Қытай бизнес-форумына қатысады деп жоспарланған.
Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан елшілігінің мәліметіне жүгінсек, 2003-жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3,3 млрд. долларға жетті. 2004-жылдың алғашқы айларындағы сауда-саттық қарқыны өткен жылдардағы көрсеткіштен біршама арту ағымы байқалды. Бұл жағдай екі ел арасындағы тауар айналымы 4-5 млрд. доллар көлемінен едәуір артады деген болжам жасауға негіз болып отыр.

Соңғы жаңалықтар