Мемлекет басшысы жуырда іске кіріскен кешен жұмысына жоғары баға берді. «Қазақстан көлемінде бұрын-соңды мұндай фабрика болған жоқ»,- деді президент. Оның айтуынша, «қазіргі заманғы швейцариялық жабдықтың көмегімен мұнда мақтадан сапалы жіптер иірілетін болады». Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындар олардан мата өндіріп, киім тігеді. «Демек, бұдан былай шикі мақтаны арзанға сатпай, дайын мата мен киім шығарылады»,- деді Н.Назарбаев.
«Ютекс» АҚ-ның президенті Әлімжан Тасқынбаевтың хабарлауынша, өндірістік кешен құрылысын салу жобасының жалпы құны 19,3 млн. долларды құрап, оның 13 млн. долларын «Қазақстан даму банкі» АҚ несие түрінде, ал 6,3 млн. долларын Ұлыбританияның «Intrex Worldwide Ltd» компаниясы инвестиция түрінде бөлді. Жоба бойынша Қазақстанда алғаш рет мақта өсіруден бастап одан жіп иіруге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асыру қарастырылған. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 6 мың тонна жіп иіруге жетеді.
«Ютекс» АҚ-ның жұмысымен танысып шыққан Елбасы бұдан кейін әуежайға аттанып кетті.