Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың пайымдауынша, «аймақтық деңгейде есеп комитеттерін құру, ал комитеттерді жасақтау құқығын негізінен парламентке беру арқылы» олардың қадағалаушылық мүмкіндіктері аясын кеңейту қажет.
Сондай-ақ, «Орталық сайлау комиссиясын құру схемасына түзету енгізген жөн. Оны құруға тек мәжіліс қана емес, сенат та қатысуы тиіс. Бұл саяси партиялардың Орталық сайлау комиссиясын құруға атсалысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді»,- деді Елбасы. «Конституциялық реформаның еліміз үшін тиімді үлгісін іздестіру арқылы Конституциялық кеңесті де осындай жолмен құруға болады, парламентке кең көлемді бақылау функциясын беру мәселесін де жан-жақты тиянақтау қажет». «Парламент тек мемлекеттік бюджетті бекітумен ғана шектелмей, сонымен бірге оның орындалуын бақылауға нақты іс жүзінде атсалысуы тиіс»,- деді мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, үкіметті құрудың жаңа жүйесін жасау «айрықша назар аударуды қажет ететін қадам». «Үкіметті парламентегі көпшіліктің мақұлдауымен құру тетігін ойластыру қажеттігі қазір бізге айқын. Бұл бізге жоғарғы атқарушы билікке халық өкілдері тарапынан бақылау қою және ықпал жасаудың жаңаша деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді Н.Назарбаев.