Елбасы қайта жаңартылған Астана теміржол бекетінің ашылу рәсіміне қатысты
Бүгін, 12- желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайта жаңартылған Астана теміржол бекетінің ашылу рәсіміне қатысты,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі. |
Елордасы тағы бір жаңа нысанмен толықты, "біз ең озық жолаушы терминалына қол жеткіздік",- деді Н.Назарбаев вокзалдың салтанатты ашылу рәсімінде. "Бұл жұмысты одан әрі жалғастыра беру қажет. Қазір біз жаңа алаңда су жаңа вокзал салуды жоспарлап отырмыз",- деді президент. Елбасының пайымдауынша, қала дамыған сайын тұрғындар саны да барған сайын артып, "Астана арқылы өтетін жүк және жолаушы тасымалының ауқымы арта түспек. Бұл қазіргі заман талаптарына сәйкесетін жаңа терминалдарды салуды қажет етеді".
"Қазақстан темір жолы" ЖАҚ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың барлық инженерлік коммуникациялары ауыстырылып, күту залы кеңейтіліп, безендірілді. Касса залында қазіргі заманғы терминал жабдығы орнатылып, вокзалда ақпараттық табло, бейне бақылау жүйесі, минимаркет, бар және кафе, бейнезал, демалыс бөлмесі іске қосылды. Перронды түрлендіру жөнінде де үлкен жұмыстар атқарылып, онда жолаушыларға арналған бастырма салынды.
Вокзал құрылысына енгізілген тағы бір жаңалық - жолаушылар екінші платформадан вокзал арқылы қалаға шығатын арнайы шыны витражды конкорсты өткел салынып, мүгедектерге арналған арнайы лифтілер мен эскалаторлар іске қосылды.
Вокзал ғимаратын аралағаннан кейін Елбасы "General электрик" компаниясының генераторлық дизел қондырғысы бар алғашқы тепловоздардың бірін көрді. Шу тепловоз жөндеу зауытында құрастырылған тепловоздың бұл жаңа үлгісіне бүгінде ТМД елдерінде балама жоқ. "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы мен "АҚШ-тың "Эксимбанкі" жүзеге асырып отырған ұзақ мерзімдік жоба ауқымында Қазақстан темір жолының 254 локомотивін осындай жаңа қозғалқышпен жарақтандыру жоспарланған. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін вокзалдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 5800 жолаушыға артады деп күтілуде.
Бүгін сондай-ақ, Елбасы "ҚазТрансОйл" ЖАҚ балалар-мектеп мекемелерінің кардиохирургиялық орталығын және "ҚазТрансОйл" Қабылдау үйін аралап көрді, сондай-ақ "ҚазТрансОйлдың" спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін