Жарияланды: 760

Елбасы Қазақстанда өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы бүгін, 18-желтоқсанда Астанада өткен қысқаша баспасөз мәслихатында президент әкімшілігі төрағасының орынбасары Игорь Рогов журналистерге хабарлады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2003-жылдың 4-сәуірінде Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз үкіметіне өлім жазасына мораторий жариялауға және оның орнына ғұмыр бойы бас бостандығынан айыру жазасын жүктеуге жағдай жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Соңынан, 15-қазанда Астанада өткен Азаматтық форумға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы "өлім жазасын біржола алып тастау да болашақтың ісі" деп мәлімдеді. ҚР әділет министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде жыл сайын 20 адам өлім жазасына кесіледі. Осыдан үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 50 болатын. Ал жыл сайын Елбасы 9-12 қылмыскерге кешірім береді. Бүгінде ҚР қылмыстық атқару жүйесінде 81 атқару мекемесі бар, олардың арасында 22 жалпы тәртіпті абақты, 19 қатаң тәртіпті абақты, 3 аса қатаң тәртіпті абақты, 24 түрмелік мекен, 4 кәмелеттік жасқа жетпегендерге арналған түзету мекемесі, 1 түрме, 8 арнаулы емдеу-түзету мекемелері бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін