Н.Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан 2012-жылға дейін мұнайдың бар немесе жоқтығына қарамастан, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге түрткі болатын ең тиімді формуланы табуға тиіс. «Мұнайгаз саласы Қазақстан экономикасын диверсификациялаушы негізгі донор болмақ»,- деді президент. «Біз еліміздің энергетикалық артықшылықтарын тиімді пайдалануға тиіспіз. Біз Қазақстанды 2012-жылға дейін мұнай және газ экспорттаушы әлемдік ондыққа енгізуді мұрат тұтамыз»,- деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге мемлекет басшысының пікірінше, «елімізді дүниежүзінің жоғары деңгейде дамыған индустриялық елдерінің санатына енгізу үшін барлық жағдайды жасау керек». «Өңдеу өнеркәсібін клестерлік негізде дамыту дұрыс»,- деді ол. 2012-жылға дейін өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе өсуге тиіс, деді президент. Бұл ретте Жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің көлемі екінші онжылдықтың басында биылғы жылмен салыстырғанда 40 процентке өседі.
Тағы бір басымдық берілетін бағыт ретінде Елбасы ғылыми сыйымдылығы жоғары, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуды атады. «Қазақстанда ғылым саласы сұранысқа ие болып, ең жоғары деңгейге көтерілуге тиіс»,- деді ол.
Ғылыми-зерттеу саласын қаржыландыру ауқымы 2012-жылға дейін 25 есе артуға тиіс. Биыл ғылым саласын дамытуға арналатын жалпы шығын көлемі 12,5 млрд. теңге болса, 2012-жылы ол 350 млрд. теңгеге дейін өседі. Соның нәтижесінде Жалпы ішкі өнімнің құрылымындағы ғылыми сыйымдылығы жоғары, озық технологиялық өндірістер көлемі кем дегенде 10 есе өседі,- деді мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, сондай-ақ, банк саласы, агроөнеркәсіптік кешен, бірінші кезекте астық және мал шаруашылығы мен халықаралық туризм салаларына басымдық берілуге тиіс.
«Екінші онжылдықтың басында еліміздегі банк жүйесі Қазақстанды бүкіл Орталық Азия аймағындағы қаржылық орталыққа айналдыруды қамтамасыз етуге тиіс»,- деп мәлімдеді Н.Назарбаев.
Елбасының ақпаратына сәйкес, алдағы жеті жылда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 450 млрд. теңге бөлінеді. «Басты мақсат — ауылшаруашылығы саласын Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өтуге жоғары деңгейде дайындауға саяды»,- деді ол. Базарлардағы бәсекеге түсуге тиіс ауылшаруашылығы өнімдерін сапалы өңдеуге саясатымыз негізінен бағытталуы қажет. «Екінші онжылдықтың басында ауылшаруашылығы Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне көтеріліп, еліміз астық экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы бестігіне енуі тиіс. Халықаралық туризм саласы ұлттық экономикамыздың ең бір қарқынды саласына айналуы қажет»,- деді Елбасы.
Сонымен бірге Н.Назарбаевтың пікірінше, Қазақстанда электр қуатын өндіру саласын жаңалап, өндірістердің энергетикалық сыйымдылығын төмендеткен жөн.
Сонымен бірге Елбасының пікірінше, экономикалық кеңістікті тиімді жоспарламайынша және өндірістер мен еңбек ресурстарын аумақтық тұрғыда тиімді орналастырмайынша тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мүмкін емес. «Осыған байланысты біз елімізді аумақтық дамыту стратегиясының жобасын жасап жүзеге асыратын боламыз. Ол аумақтарды экономикалық тұрғыда бір бағытты мамандандырып, бәсекелестік қабілетке ие болдыруға негізделеді»,- деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан дүниежүзілік көлік және коммуникациялық жүйенің бір құрамды бөлігіне айналуға тиіс. «Бұл еліміздің көлік инфрақұрылымын екпінді дамытуды талап етеді». «Біз ұзақ мерзімді көлік стратегиясын қабылдап, 2012-жылға дейін қазіргі заманғы магистральдар желісін құруға тиіспіз. Ол құрлық аясындағы және трансконтинентальдық барыс-келісті жүзеге асыруға мүмкіндік беруі керек»,- деді ол.
Сонымен қатар мемлекет басшысыынң пікірінше, «мемлекетіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жағдайларын жақсарту саясатын одан әрі жалғастыруы қажет». «Екінші онжылдықтың басынан бастап біз Жалпы ішкі өнімнің құрылымындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 40 процентке жеткізуіміз қажет»,- деді Н.Назарбаев.
Қазақстанның бәсекелестік қабілетін арттыру, президенттің пікірінше, көбінесе сыртқы сауда саласындағы саясаттың табысына байланысты болмақ. «Екінші онжылдықтың басында біз сыртқы сауда-саттық аясын екі еседей өсіруді мақсат етеміз»,- деді ол.
Н.Назарбаевтың пікірінше, аталмыш бағыт-бағдарларды жүзеге асыру ілгерілеушілікке жағдай жасап, екінші онжылдытың басында Қазақстанның ғаламдық экономикада өзіне лайықты орын иемденуіне мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті