Байқоңыр қалалық әкімшілігінен хабарлағанындай, мемлекет басшысы мінген ұшақ «Юбилейное» әуежайына 11 сағат 20 минутта келіп қонды. Әуежайда Елбасын Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласының басшылығы күтіп алды.
Екі күндік сапары барысында мемлекет басшысы Арал және Қызылорда қалаларында болады деп күтілуде. Президент өндірістік және су нысандарының құрылыс жұмыстарының барысымен танысады. Соның ішінде «Сырдарияның ағысын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысады.
Н.Назарбаев кәсіпкерлермен, соғыс және еңбек ардагерлерімен жүздесіп, көп балалы бір отбасына бас сұғады. Сонымен бірге мемлекет басшысы Аралдағы «Тағзым алаңында» Ұлы Отан соғысының боздақтарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысады.