Мемлекет басшысы 28 қарашада қол қойған тиісті жарлық бейсенбі күні ресми БАҚ-да жарияланды.
Республикада жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай дамыту екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең (2013-2014 жылдар) биліктің төменгі деңгейлерінде қазіргі басқару тетігінің әлеуетін кеңейту қаралған.
Бірінші кезең шеңберінде жергілікті басқару органдарының өкілеттігі мен жауапкершілігін айқындайтын нормаларды заңмен бекіту, жиындар құру, өткізу мен өкілеттігі және олардың шешімдерін рәсімдеу тәртібін реттеу, жиындарда жергілікті тұрғыдағы іс-шараларды қаржыландыру мәселелерін талқылау міндеттілігі көзделген.
Ірі қалаларда жалпы қалалық шаруашылықты басқару ерекшеліктерін ескере отырып, жоғарыда аталған шараларды Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының төменгі басқару деңгейіне жататын аудандарына қолданбау ұсынылған.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғыдағы проблемаларды шешуге бөлінген бюджет қаржысын пайдалануға мониторинг жүргізуге жергілікті халықтың қатысу құқығын беру нормасы енгізіледі.
Құжатта 2013 жылдың соңына дейін аудандық тұрғыдағы қалаларда, ауылдық округтерде, ауылдық округ құрамына кірмейтін ауылдарда аудандық (қалалық) мәслихаттардың сайлауы арқылы әкімдерді сайлау жүйесін енгізу қаралған.
«Тиісті мәслихаттың ауыл, кент, ауыл округі, аудандық тұрғыдағы қалалардың әкіміне кандидаттарды қарауға ұсынуын баламалы негізде аудан (қала) әкімі жүзеге асырады», — делінген тұжырымдамада.
Сонымен қатар, төменгі деңгей әкімдерін қызметтен босату тек аудан (қала) әкімінің шешімімен жүзеге асуы тиіс.
Сайланбалылықты енгізу кезінде әкімдер ауылда және аудандық тұрғыдағы қалада жергілікті өзін-өзі басқарушы жеке өкілетті орган құрусыз атқарушы органның да, өкілетті органның да қызметін атқаратын болады.
«Мұнымен қоса, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының, қазіргі кезде демократиялық тәртіппен, яғни тиісті мәслихат депутаттарының алдын ала келісімімен жүзеге асырылатын тағайындаудың қазіргі тәртібін сақтаған дұрыс.
Әлемдік тәжірибе мен жалпы қалалық шаруашылықты басқару ерекшелігін ескере отырып, ірі қалаларда аудан әкімдерінің сайланбалығын енгізу дұрыс емес», — делінген құжатта.
Тұжырымдаманың екінші кезеңі (2015-2020 жылдар) жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай дамытуды көздейді.
2004 жылдан кейін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ( функцияны берумен) функцияларын шектеу мәселелері қаралады, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеті мен меншігін құру, сондай-ақ ауылдық округ деңгейінде әкімшілік-аумақтық бірліктерді оңтайландыру мәселелері пысықталады (толыққанды жергілікті өзін-өзі басқаруды құру үшін әлеуетті арттыру мақсатында).
Нәтижесінде жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруда жиындар арқылы халықтың еркін білдіруі тұрғысынан азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қол жеткізілмек.
Мұнымен қоса, халықтың рөлін арттыру, елді мекендерді көріктендіру мәселелерін сапалы шешуше халықтың қатысуы, сапалы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер алуға халықтың қызығушылығын арттыру, санитарлық жағдайды, басқару шешімдерін қабылдауға тікелей қатысу арқылы қоғамдық тәртіпті жақсарту.
Сонымен қатар, қала халқын жергілікті проблемаларды шешуге белсенді тартуға, жергілікті тұрғыдағы проблемаларды шешуге бөлінген бюджет қаржысын пайдалануға жүргізілетін мониторингке жергілікті тұрғындардың қатысуына қол жеткізу жоспарланған.
Төменгі деңгей әкімдерінің жергілікті тұрғыдағы өзекті мәселелерді шешуде дербестігін кезеңмен, жүйелі нығайтуға, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын өткізу арқылы қоғам өміріндегі маңызды проблемаларды шешуде қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін арттыруға қол жеткізілмек.
Ақырында бұл шаралар халықтың рөлін арттыруға, оның жергілікті тұрғыдағы мәселелерді сапалы шешуге қатысуына, әрбір елді мекенде халықтың өмір деңгейін арттыруға, аймақ пен мемлекетте саяси тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.