Мәжілісте Ұлттық қордың 2003-жылғы жұмыс қорытындысы қаралды. ҚР қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, есепті мерзімде қордың таза активтері 228,97 млрд. теңгеге артып, 2004-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен 527,92 млрд. теңгеге жетті. Қордың таза активтерінің өсімі 76,6 процентті құрады. 2002-жылы бұл көрсеткіш 57,5 процентке тең болған.
ҚР Ұлттық банкі төрағасының есебіне жүгінсек, 2003-жылы Ұлттық қордың валюталық қоржынының жалпы кірістілік көрсеткіші 8,69 процентті құрап, былтыр 222,8 млн. доллар мөлшерінде инвестициялық кіріс түсті. 2003-жылдың 31-желтоқсанындағы жағдаймен валюта қоржынының жалпы нарықтық құны 3662,7 млн. долларға бағаланды. 2002-жылдың 31-желтоқсанындағы жағдаймен бұл көрсеткіш 1919 млн. доллар болған.
Мәжіліс қорытындысы бойынша мемлекет басшысы үкімет пен Ұлттық банкке еліміздің макроэкономикалық даму перспективалары мен дүниежүзіндегі экономикалық ахуалды ескеру негізінде Ұлттық қордың тұжырымдамасы жобасын жасап, қор активтерін басқару тиімділігін арттыру туралы тапсырма берді.