Жарияланды: 490

Елбасы жетім-балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Елордадағы Оқушылар сарайында Қазақстан Пре­зидентінің атынан ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған дәстүрлі Жаңа­жылдық шырша мерекесі өтті.

Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев балаларды келе жат­қан Жаңа жыл мерекесімен бейнежолдау арқылы құттықтады. "Қымбатты балалар! Бүгін байтақ еліміздің барлық өңірлерінде өнегелі балалар Жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылменен құттықтаймын! Тәуелсіздік арқылы біздің ұлы Отанымыз жылдан жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі Қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Ата-аналарыңды қуантыңдар, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар! Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалуда. Барлық өңірлерде жаңа мектептер салынуда, интеллектуалды мектептердің қатары арта түсуде. Сендер мектеп бітіргеннен соң жақсы білім алуларың үшін Астанада халықаралық деңгейдегі университет аштық. "Өнерлі - өрге жүзеді", деген дана халық. Өнер - білімнің кені. Өркенді елдің кені болыңдар. Айналасын алтын арайға бөлеген жасыл шырша базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер! Болашақтарың баянды болсын!", - деді Мемлекет басшысы. Қызылды-жасылды шамдары жар­қылдаған, әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар Аяз Атаны ерекше ықыласпен қарсы алды. Мерекенің бас кейіпкері бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Бұдан соң балалар бір-бірінің қолдарын ұстап, шыршаны айналып ән салды, әуен ырғағымен биледі. Бұдан кейін көңілді топ Жаңа жыл «иесі» - Жыланды қошеметпен қарсы алды. Мереке соңында балаларға Елбасы атынан сыйлыққа планшеттер, «тәтті» сыйлықтар мен жұмсақ ойыншықтар табыс етілді. Осы жерде балалармен бірге шараға қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, Жаңажылдық шыр­шаға балалар үйлерінен 200-ге жуық тәрбиеленушінің қатыс­қанын, мұндай мерекелік іс-шара Жаңа жылға дейін қаланың әр жерінде жалғасатынын айтты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін