Бұл облыста екі күн аялдайтын Елбасы құрылыс нысандары мен кәсіпорындарда болып, зиялы қауым, кәсіпкерлер және жастар өкілдерімен жүздеседі.
Мемлекет басшысы әуежайдан бірден «Алмагүл» ықшам ауданына жол тартады деп күтілуде. Жаңадан бой көтерген бұл ықшам ауданда ипотекалық несие беру бағдарламасы аясындағы алғашқы үй пайдалануға беріледі.
Бүгін сондай-ақ мемлекет басшысы «Agip KCO» компаниясының оқыту орталығын аралайды. Мұнда Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігін игеруші мамандар дайындалуда. Облыстық Махамбет ауданында мемлекет басшысы «АгроТСС» ЖШС-ін аралап, ауылшаруашылығы өнімін өндірушілермен және ауылдық округ әкімдерімен кездеседі.
21-маусым, бейсенбіде Елбасы Мақат ауданында болады. Н.Назарбаев мұнда «Agip KCO» компаниясының вахтамен жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған ауылында болып, компанияға қарасты мұнай және газ өндіруші зауыт салу жобасының тұсаукесеріне қатысады. Сонымен бірге Елбасы кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің жалпыұлттық «Атамекен» одағының Атыраулық филиалы өкілдерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен кездеседі.
Ал кешкісін Атыраудағы Махамбет алаңында Н.Назарбаев мектеп түлектерін қошеметтеу шарасына атсалысады.