Елді елең еткізген апта: Бұрынғы әкім орынбасарының қазасы мен халықаралық келісімдер - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елді елең еткізген апта: Бұрынғы әкім орынбасарының қазасы мен халықаралық келісімдер

Елді елең еткізген апта: Бұрынғы әкім орынбасарының қазасы мен халықаралық келісімдер

Саяси толқулар аптасы несімен есте қалды?

  • 4 Қараша
  • 50
Фото - Caravan.kz

Өткен апта саяси оқиғаларға толы болды. Елімізде жоғары деңгейдегі дипломатиялық кездесулер мен маңызды шешімдер қабылданды. Десе де, бұрынғы әкімнің орынбасарының өлімі қоғамда қызу талқыланды. Толығырақ Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Қазақстанға Финляндия президенті Александр Стубб ресми сапармен келді

Сапар аясында Александр Стубб пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіссөздері өтті. Мемлекет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Президент Финляндияны Солтүстік Еуропадағы және Еуропалық одақтағы Қазақстанның негізгі серіктесі екенін атап өтті. 2005 жылдан бері Финляндияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 500 млн АҚШ долларынан асты. Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар 15 құжатқа қол қойды. Олардың қатарында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану, мұнай төгінділерін жою, экологиялық мониторинг жүйелерін өндіру, Бурабайдағы туризмді дамыту және экологиялық таза ағаш тұрғын үйлер салу салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар бар.

Фото: Ақорда

АҚШ әкімшілігі өкілдерінің Қазақстанға ресми сапары өтті

АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Сержио Гор және мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Кристофер Ландау Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Премьер-министр Олжас Бектеновпен және іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесті. Күн тәрітібінде энергетика, көлік, цифрландыру, стратегиялық минералдар және жасанды интеллект салаларындағы стратегиялық әріптестікті дамыту перспективалары болды. Сондай-ақ тараптар 6 қарашада Вашингтонда өтетін «Орталық Азия – АҚШ» (C5+1) саммитіне дайындық барысын талқылады. Қазақстан бұл кездесудің екіжақты серіктестікті нығайту мен ұзақ мерзімді ынтымақтастық басымдықтарын келісуде маңызды кезең болатынына сенім білдірді.

Фото: Aқорда

Мәжіліс тарихи-мәдени мұраны қорғау туралы заң жобасын мақұлдады

Құжаттың басты жаңалықтарының бірі – археологиялық жұмыстарды жүргізудің Бірыңғай автоматтандырылған жүйесін, жаппай табылған олжаларға арналған Ұлттық депозитарий мен Ұлттық археологиялық қызметті құру. Аталған құрылымдар зерттеулерді үйлестірумен, сараптамамен және ескерткіштердің сақталуына бақылау жасаумен айналысады. Заң жобасында археологиялық және қалпына келтіру жұмыстарына лицензия алу талаптары нақтыланып, рұқсатсыз металл іздегіштер мен өзге де құрылғыларды қолдануға тыйым салынады. Сонымен қатар заңсыз археологиялық жұмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейеді: айыппұлдар мен бас бостандығынан айыру мерзімі ұлғайып, ұйымдасқан топтарға – 12 жылға дейін жаза қарастырылған.

Қазақстан БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қосылды

Ханой қаласында өткен БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қою рәсіміне Қазақстан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов бастаған делегация қатысты. Қазақстан ІІМ бұл құжаттың әзірленуіне белсенді қатысқан. Конвенция ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаһандық киберқауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Конвенцияға қосылу Қазақстанға өзге мемлекеттермен электронды дәлелдемелермен жедел алмасуға, трансшекаралық киберқылмыстарды тиімді тергеуге және азаматтарды интернет-алаяқтық пен кибершабуылдардан сенімді қорғауға мүмкіндік береді.

Фото: Polisia.kz

Алматының бұрынғы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров кісі қолынан қаза тапты 

Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров 30 қазанға қараған түні Астанада болған жанжал кезінде қаза тапты. NEGE сайтының хабарлауынша түнде Астанада Алматының бұрынғы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров соққыға жығылған. Ол алған жарақаттарынан қаза тапқан. Қазір оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Kazinform-ның жазуынша Қайғылы оқиға 30 қазанға қараған түні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Ержан Бабақұмаров таныстарымен бірге кеш өткізген. Жиналғандардың арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан. Соққы салдарынан алған жарақаттарынан Бабақұмаров көз жұмған.

Астана қалалық полиция департаменті Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іске түсініктеме берді.

«Алдын ала мәлімет бойынша, бұрыннан таныс адамдар арасында сөзге келу болып, ол жанжал төбелеске ұласқан. Нәтижесінде 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан қайтыс болған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», — делінген хабарламада.

Orda.kz дерегінше, экс-кеңесші Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты күдіктінің аты — Ербол Кәукетай. Ол 36 жаста, Шығыс Қазақстанның тумасы. Бұрын бірнеше рет сотталған. Биылғы шілде айында азаматтық жұбайын ұрып-соққаны үшін сот үкімі шыққан. 2025 жылдың көктемінде Кәукетай қызғаныштан әйеліне қол көтерген. Ол кезде ер адам ішімдік ішкен, шарапқа мас болған. 

Тергеу дерегінше, ол әйелін екі рет беттен, екі рет жұдырықпен бүйірінен ұрған. Сот барысында Кәукетай өкініп, кешірім сұрап, «дін жолына түстім, намаз оқимын» деген уәж айтқан. Ал жәбірленуші әйел:

«Менің ешқандай шағымым жоқ. Жақында үйленеміз», — деп мәлімдеген. 

Сондықтан сот қатаң жаза қолданбай, оған 300 сағат қоғамдық жұмыс және алкогольге тәуелділіктен емделу міндеттелген. 

Үкімде: «Ербол Кәукетайдың алкоголь мен психобелсенді заттарға тәуелділік жайлы диагнозы бар» деп жазылған. 

Енді сол адам — Қазақстан президентінің бұрынғы кеңесшісін өлтірді деген күдікке ілініп отыр.

Айта кетейік, Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда дүниеге келген. 2019 – 2022 жылдар аралығында Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 

Фото: ғаламтордан

Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында бірқатар өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, жұртшылық өкілдерімен кездесті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Соңғы төрт жылда Қызылорда облысының экономикасына салынған инвестициялар көлемі 233%-ға артқан. Биыл 720 млрд теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған, оның 70%-ын жеке инвестициялар құрайды. Алдағы үш жылда шамамен 2 трлн теңгеге 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Президент әкімге инвестициялық ахуалды жақсартуды және бизнеске қолайлы жағдай жасауды жалғастыруды тапсырды.

Премьер-министр инвестициялық жоспарлардың орындалмауы үшін шенеуніктерді жазалауды тапсырды

Олжас Бектенов инвестиция тарту саласындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуына арналған кеңес өткізді. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2025 жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 13,8 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,5%-ға артқан. Алайда жылдық жоспардың тек 52,7%-ы ғана орындалған, ал тікелей шетелдік инвестициялар бойынша көрсеткіш жартысынан аз. Әсіресе Абай, Атырау және Ұлытау облыстарында көрсеткіш төмен. Премьер-министр жобаларды жүзеге асырудағы кідірістер мен бюрократиялық кедергілер жергілікті биліктің жұмысына байланысты екенін айтып, өңір әкімдеріне инвестициялық саясатқа жауапты орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Фото: primeminister.kz

Рудный қаласының бұрынғы прокуроры жемқорлық үшін сотталды

Экс-прокурор Мұрат Оспанов аса ірі көлемде пара алмақ болғаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу мәліметінше, Оспанов Рудный қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысынан 20 миллион теңге көлемінде сыйақы сұраған. Бұл ақшаға ол 39-шағын аудандағы абаттандыру жұмыстары бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жасырып, істі тоқтатпақ болған.

Бөлім басшысы келісім бергендей болып, жағдай туралы ҰҚК-ге хабарлаған. Кейін прокурор пара алу үстінде ұсталды. Оспанов кінәсін мойындағандықтан, іс қысқартылған тәртіпте қаралды. Сот оны 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, аға әділет кеңесшісі атағынан айырылды.

Фото: Рудный әкімдігі

Кадрлық ауыс-түйіс

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков қызметінен босатылды. Оның орнына Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісі қызметін атқарған Абзал Нүкенов тағайындалды.

Көлік министрлігі аппаратының басшысы болып ауыл шаруашылығының бұрынғы вице-министрі Нұрбек Даирбеков тағайындалды.

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы болып осы ведомство төрағасының бұрынғы орынбасары Ернұр Жаутикбаев тағайындалды.

Перейти к новостям спорта