Өткен жылы 26 миллион тонна астық жинап, еліміз тұңғыш рет рекорд жасаған еді. Тіпті,маңдай термен өсірілген өнімін элеваторларға өткізе алмай қиналған диқандар, бидайын полиэтилен қаптарға салып, біразы қар астында қалған-ды. Ал биылғы жаз диқандар үшін қуаңшылықпен есте қалып отыр. Ала жаз жаңбыр тамбай, талай астық күйіп кетті. Бұл көрініс әсіресе Солтүстік және Батыс өңірлердегі шаруаларға тән. Ақтөбе облысында тіпті шыққан астықтың 35 пайызы ғана жиналған. Дегенмен, қуаңшылыққа қарамастан, Ауыл шаруашығы министрлігі биыл ел-жұрт наннан тапшылық көрмейді деп сендіреді.