Осы орайда танымал экономист, сарапшы Олжа Байділдинов Сaravan.kz порталына пікір білдіріп, бензин бағасы алдағы қымбаттай ма деген сауалға жауап берді.
Сарапшының пікірінше, бензин бағасының өсуіне ең алдымен теңгенің құнсыздануы мен ішкі нарықта оған деген сұраныстың артуы себеп болған.
«Қазақстанда жанар-жағармай мен энергияның бағасы жалпы шығынға батырарлық жағдайда. Әсіресе олар инвесторлар үшін тиімсіз бағада. Сол себепті де Қазақстанда соңғы 20 жылда мұнайдың жаңа кен орны ашылмады десек болады. Тиісінше жаңа мұнай өңдеу зауыттары да ашылмады. Негізі бұл бағытты зерттеп жүргенімен көп уақыт болды. Естеріңізде болса, 2000 жылдардың басында Қ. Тоқаев елдің премьері болып тұрған кезде және қазір елді басқарып отырған кезде де бензин бағасы бірдей. Таң қалуларыңыз мүмкін, бірақ шындығында солай. Яғни долларлық эквивалентте шамамен 40 цент бағасында қалып тұр. Бізде баға әрдайым доллар бағамына тікелей байланысты болады. Себебі мұнайды өндіру, оны қайта өңдеу, жөнелту бағасы үнемі доллармен есептеледі. Демек ұлттық валюта құлдыраған сайын өндіріс тек шығынға батырады немесе кірісі нөлмен тең деңгейге жетеді. Бұл жалғыз мұнай бағасы мен жалпы кез келген тауар мен қызмет түріне де қатысты. Өйткені тауар Қазақстанда өндірілгенмен, оның қондырғылары шетелден әкелінеді. Мысалы біз сатып алып жүрген 19 л судың бағасы шамамен 700 теңгені құраса, онда оның 1 литрының бағасы 36 теңге деген сөз. Енді салыстырып көріңіз, қайта өңделетін судың 1 литрының бағасының 36 теңге де, сұйытылған газдың бағасы 50 теңге. Әрине әр түрлі тауар, әр түрлі баға, десе де бұл экономикада «олқылықтар» бар екенін білдіреді», — деп түсіндірді сарапшы.
Сонымен бірге ол қазірдің өзінде Қазақстанда мұнай және оны өңдеу саласының шығыны шаш етектен екенін, ал оның алдын алудың бірден-бір жолы тек бензин бағасын өсіру екенін атап өтті.
«Ұлттық валюта әлсіреген сайын, мұнай және мұнай өнімдерін өндіру және қайта өңдеу саласы тығырыққа тіреледі. Осы жылдары қандай девальвация болғанын білесіздер ғой? Ендеше мұнай өндіру саласы шығынға батып тұрған саланың біріне айналып шыға келді. Яғни мұнай өндірушілер ішкі нарыққа мұнай жеткізуге құлық танытпайды, бірақ олар келісімшарт негізінде мұны жасауға міндеттеліп, осы міндеттерін толығымен атқарады. Жанар-жағармай бағасы азық-түлік бағасы сияқты екі есеге қымбаттамады ғой? Бұл жерде екі факторды қарастырғанымыз дұрыс. Біріншіден, теңге құлдырап, доллар бағамы нығая түсті, бұл жерде біз соңғы 3-4 жыл аралығын алып тұрмыз, және бұл арада 2017 жылдан бастап мұнай өңдеу зауыттары модернизациялаудан өткеннен кейін, өндіретін мұнай өнімдерінің санын көбейткенін ескеру керек. Бірақ бізде мұнай бағасы арзан болғандықтан ол заңды және заңсыз жолдармен шетелге тасымалданады. Бізде мұнай бағасы Ресеймен салыстырғанда 40-50 пайызға, Өзбекстанмен салыстырғанда екі есеге арзан, міне дәл осы себепті мұнай заңсыз жолмен де елден шығарылуы бек мүмкін. Немесе көптеген жүк көліктері, олардың жанармай багының мөлшері кейде тіпті 300 литрге дейін жетеді, міне солар Қазақстанда арзан жанар-жағармайды сатып алып, Орталық Азиядан бастап Ресей, Қытай, кейде тіпті одан да алыс елдерге дейін жүк тасымалдайды. Бұдан нені көруімізге болады? Біз қазір неше жылдан бері дәл осындай жүк көліктерін субсидия құйып келеміз. Егер қарапайым сандармен түсіндіріп көрсек, биыл біз шамамен 5-5,5 млн дизель отынын өндіретін болсақ, ішкі нарықты қанағаттандыру үшін бізге Ресейден тағы 800 мың тоннасын импорттауға тура келеді. Бірақ Ресейде баға шамамен 1,5 есеге қымбат. Онда біз мұнай бағасы мемлекетпен реттелетін болса, ондай қымбат отынды қалай Ресейден әкелетін боламыз? Әрине жеткізушілер де, АЗС-те өздерін шығынға батыра отырып, отынды сатпайтын болады. Осыдан барып тағы да елде жанар-жағармай тапшылығы орын алатын еді. Міне осыны болдырмау үшін, бізде бензин бағасы өсті. Тағы бір айта кететіні, мен баға қымбаттады деген терминмен келіспеймін, бұл тек мұнай өңдеу саласын шығынға батырмаудың әрі кіріссіз қалдырмаудың алғашқы қадамы ғана деп айтар едім. Және бұл үрдіс жалғаса беретін болады. Яғни алдағы жылдары жанар-жағармай бағасы тағы қымбаттап, тағы да отын тапшылығы орын алуы әбден мүмкін. Неге? Бізде мұнайды қайта өңдеуде қор жоқ, олар қазір тек нарықтағы сұранысты жабуға әрекет етуде, ал сұраныс жыл сайын артуда. Себебі елде көлік саны күн санап көбейіп келеді. Яғни қазір бізде дизельді отын тапшылығы орын алса, алдағы жылдары бензин де тапшы болады. Үкімет бұл мәселені шешу үшін, қазір Шымкент мұнай өңдеу зауытының мүмкіндіктерін кеңейтуде, бірақ ол тек 2030 жылға қарай аяқталады, яғни оған дейін бізде сұраныстың артуы салдарынан, бензин бағасы тағы қымбаттайды деген сөз», — деді ол.
Сөз соңында сарапшы ауыл шаруашылығы мамандары мен ел тұрғындарына бензин бағасының көтерілуі азық-түлік бағасына айтарлықтай әсер етпейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бұған дәлел елде соңғы екі жылда азық-түлік бағасы екі есеге қымбаттаса да, бензин бағасы сол қалпы қалған.
«Шаруалар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер жыл сайын шамамен жылына 1 млн тонна дизельді отын алады және олар оны бензин бағасынан төмен мөлшерде алады. Олар оны мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері негізінде алады және тиісінше осы берілген отынды қайта сатып, заңсыз әрекеттерге баратыны бар. Мұның бәрі осы салада жемқорлықтың орын алуына әкеп соқтырып жатыр, яғни дамыған экономикада мұндай жолдар болмауы тиіс. Бензин бағасы қымбаттаса бұл азық-түлік бағасының қымбаттауына әкеп соқтырмайды. Мысалы, Шымкенттен Астанаға келетін қызанақтың бір келісі шамамен 7 теңгеге елордаға жеткізіледі. Яғни дизельді отынның 1 келі қызанақ тасымалдаудағы үлесі 7 теңге ғана. Егер тіпті жанар-жағармай бағасы қымбаттаса да, оның бағасы ең көп дегенде 10 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бағана айтып өткенімдей, елде азық-түлік бағасы екі есеге қымбаттаса да, жанар-жағармай бағасы сол бағасын сақтап қалды. Яғни жанар-жағармайдың азық-түлік бағасына әсері 1 пайызға да жетпейді. Тағы бір мысал келтірейін, мәселен үйінде 2-3 адамы бар отбасы айына 1000 шақырым жол жүрді деп есептейік және шамамен 100 литр бензинді тұтынады деп алайық. Ал бағаның 20 теңгеге көтерілуі айына осы отбасы бензинге 2000 теңге артық ақша жұмсайды деген сөз. Демек оның тұтынушылар корзинасында еш рөлі жоқ. Енді Үкімет пен энергетика министрлігі жанар-жағар май бағасы қымбаттайтынын ресми мәлімдеуі тиіс, әрине осыдан кейін менің тарапыма қатысты сын айтылуы мүмкін, бірақ эконимикалық шындыққа ешкім қарсы келе алмайды. Қорытындылай келе бензин бағасының қымбаттауының басты себебі – осы жылдарда теңгенің құлдырауы, инфляцияның жоғары деңдейде болуы. Сондықтан ел тұрғындары бензин бағасының бұдан да қымбаттауына дайын болуы тиіс, себебі бұл тек басы ғана»— деп сөзін қорытындылады ол.