Елімізде бір рет егіп, бес жыл орып отыратын астық тұқымы өсірілуі мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде бір рет егіп, бес жыл орып отыратын астық тұқымы өсірілуі мүмкін

Елімізде бір рет егіп, бес жыл орып отыратын астық тұқымы өсірілуі мүмкін

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде астық экспорттауда әлемде алдыңғы он елдің санатына кіретін Қазақстан үшін егін шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Осы орайда, Астананың іргесіндегі Шортанды ауданында орналасқан «А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің еліміздегі егін шаруашылығы саласын өркендетуге елеулі үлес қосып отырғанын айта кету керек. Осы орайда, «ҚазАқпарат» тілшісі аталған орталықтың директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Кенже Абдуллаевпен сөйлесіп, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұрап білген еді.

  • 20 Қараша 2017
  • 302
Фото - Caravan.kz

— Елімізде астық шаруашылығы саласында ғылымды тәжірибемен ұштастырып келе жатқан орталықтың өткені шежіре, болашағы бекем десе де болады. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасаңыз…

— Аталмыш орталық ғалымдары шығарған дәнді, бұршақ, майлы дақылдар мен екпе шөптің жүздеген сорттарын бүгінде әлемнің көптеген елдерінің диқандары пайдаланып, игілігін көріп отыр. Орталықтың сан салалы қызметі тек жаңа өнімді сорттарды ойлап табумен шектелмейді, егіншілік мәдениетін көтеру, астық сапасы мен өнім көлемін арттыру, топырақ құнарлылығын жақсарту, адам денсаулығына игі ықпалы бар жұғымды дақылдарды өсіру сияқты маңызды шаруалармен де айналысады. Бір кезде Кеңес Одағындағы маңдайалды ғылыми-зерттеу институттарының бірі болған бүгінгі орталықтан 8 академик, 34 ғылым докторы мен 111 ғылым кандидаты шыққан. Одан қалды В.П.Кузьмин мен институтты ұзақ жылдар басқарған А.И.Бараев Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Яғни, бүгінгі болашақ осылай басталды.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының ортасында құрылған Шортанды кентіндегі тәжірибе стансасы егін шаруашылығын дамытуға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын шағын мекеме еді. Мұндай тәжірибе стансалары ол кезде әр өңірде болатын. Шортанды тәжірибе стансасы да басқа мекемелер сияқты шағын өңірге қызмет көрсететін мекеме болып қала берер ме еді, егер 1950 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталмаса.

Тың жерлерді игеру егіншілік ауқымы күрт өскен аймақта егін шаруашылығы мәдениетін көтеріп, дамыту қажеттілігін туындатты. Осылайша, 1956 жылы тәжірибе орталығының базасынан Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты ғылыми-зерттеу институты құрылды.  Институттың ең шарықтап дамыған тұсы академик Александр Иванович Бараевтың есімімен байланысты болды. 1972 жылы академик Бараев бастаған ғалымдар тобы жасаған топырақ эрозиясына қарсы шаралар кешені Лениндік сыйлыққа ие болды. Кейінірек орталықтың тағы бір топ ғалымы КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бұл — институтты талантты ғалым, академик Мэхлис Сүлейменов басқарып тұрған кез болатын. Иә, ол Шортанды ғылыми-зерттеу орталығының шарықтап дамып, барша әлемге танылған, даңқ тұғырының шырқау биігіне көтерілген кезі еді.

— Енді тарихтан бүгінгі күнге ойысайық. Маман ретінде Қазақстанның егіншілік шаруашылығындағы жағдай қалай жəне тұқымның түрі мен сапасын арттыруда қандай жұмыстар атқарылуда? Осы мәселелерге кеңінен тоқталсаңыз…

— Қазіргі жағдайға келетін болсақ. Осы күні Үкімет тарапынан біздерге біраз міндеттер жүктеліп отыр. Бүгінгі таңда елімізде егіліп жатқан тұқымның 50 пайызы қазақстандық сорт та, қалған 50 пайызы ресейліктің үлесінде. Сондықтан алдағы уақытта отандық үлесті арпа болсын, бидай болсын, 90 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осы бағытта біздің ғалымдар күн демей, түн демей жұмыс істеп жатыр.

Тұқым шаруашылығын алсақ, біздің ғылыми орталық тұқым сорттарын шығаратын ординатор болып саналады. Осы күні еліміздегі егістік алқаптарына себіліп жатқан тұқымның Ақмола облысында 78 пайызын, Солтүстік Қазақстан облысында 49 пайызын және Қостанай облысында 12 пайызын біздің ғалымдар шығарған. Дегенмен, отандық тұқым түрлерінің үлесін арттыру үшін, яғни, егістік алқаптарға солтүстікке бейім П1, П2, ПР1, ПР2, ПР3 тұқым түрлерін толық егу үшін, ең бастысы, уақыт керек.

Осыған орай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде шаруашылықтардың егістік алқаптарында жаппай 1-2 сортты тұқым себу бойынша карта жасалып жатыр. Бірақ оны жүзеге асыру үшін біз сияқты ординаторларды тұқыммен жүз пайыз қамтамасыз ету қажет. Ал, оған біздің материалдық-техникалық мүмкіндігіміз әзірге жеткіліксіз. Сондықтан, бізге, ең алдымен, сынақ жер көлемін ұлғайтып, материалдық-техникалық базаны нығайту қажет. Оған қоса, сынақ-тəжірибе жүргізу үшін шалғысы 1 метрлік «винтаж стаер» комбайны керек. Бұл жағынан Ауыл шаруашылығы министрлігі көмектескелі отыр. Ендеше алдағы уақытта егістік алқаптарда отандық тұқымның үлесі артатына сеніміміз мол. —

Соңғы жылдары егістік өнімдерді диверсификациялау туралы көп айтылып жүр. Осы жағынан өзіңіздің пікіріңіз қандай? 

— Бүгінгі таңда егін шаруашылығы саласында рапс, жасымық, нут (түрік бұршағы) сияқты жаңа дақылдар егілуде. Осыған дейін 2014 жылы жасымық 20 мың гектарға егілсе, қазір бір ғана Ақмола облысының өзінде 600 мың гектарға жетіп отыр. Жасымық бағасының қымбат болуы осыған итермелеп отыр.

Бұл өнімдердің бағасы бидай құнынан шамамен 4 есеге қымбат. 1 миллиардтан астам халқы бар, жұтынып отырған Үндістан сияқты елдердің рапс пен жасымыққа сұранысы жоғары. Сол себепті диверсификациялауға көшіп отырған жайымыз бар. Біз соңғы үш-төрт жыл бойы рапс, жасымық, нут дақылына зерттеу жүргізіп келеміз. Бұл дақылдар жоғарыда айтқан үш облыс аумағында өсірілуде. Жасымықтың жаңа сорты мен өсіру технологиясын шығардық, яғни, қайда, қалай, қай уақытта егу, зиянкестермен күресу жолдары сияқты. Қазіргі кезде, «Астық холдингі» өңірлік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, «Жер-1» ЖШС тəрізді өңірдегі бірқатар шаруашылықтарда қолданылуда. Жалпы, диверсификациялаудың пайдасы зор, ол ең бірінші табыстың көзі болса, екінші жағынан жердің тыңайтылуына мүмкін береді.

— Бізден еш артықшылығы жоқ, тіпті климаты да ұқсас Канада əр гектардан 50 центнерге дейін астық алуда. Ал бізде орташа 10 центнер немесе одан əрі кетсе 15-тен аспайды. Осының себебі неде?


— Қазақстан нарығында біздің Қазақстанның сорттары, біздің орталықтың сорттары 4,8 миллион гектар жерді алып жатыр. Оны 6 миллион гектарға дейін ұлғайтуға болады. Бір сортты шығару үшін 12 жыл кететін болса, жаңағы айтып отырған институттармен біз бірігіп істейтін болсақ, бір сорт жасауға 7-8 жыл кетер еді. Сонда сорттарды көптеп шығарып, оның ішіндегі ыстыққа төзімді сорттарды шығарып, нақты өнім алуға болатын еді. Ал ресейліктер жағдайды баяғыда жасап қойған. Енді АҚШ жəне Канадамен біздің өнімнің айырмашылығы, олардың көп алатынына келсек… Олардың сорттары, технологиясы, техникасы дұрыс болып тұр. Біз сортты дұрыстауымыз керек. Технология жағдайын шешуге болады. Технология деген ол тыңайтқыш. Біздегі тыңайтқышқа субсидия беріп жатса, фермерлердің барлығына оны алып берсе, оның құнары да, өнімділігі де артады. Біздің елде де гектарынан 30 центнерге дейін алатын шаруашылықтар бар. Мүлдем аз алатындар да бар. Сондықтан, төмен өнім алатындар орташа көрсеткішке кері əсер тигізеді.

Астық шығымын арттыру үшін ең басты технологиясын сақтау қажет. Бізде астық уақтылы себіліп, уақтылы жиналмайды. Мəселен, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған Канадада тұқым бар-жоғы 7 күнде себіліп, осыншама уақытта жиналып бітеді. Ал бізде бұл көрсеткіш 20 күнге дейін, тіпті одан асып кетіп жатады. Бір сөзбен айтқан технология барынша толық сақталмайды. Одан қалды материалдық-техникалық базаның дұрыс болмауы да бар. Бұлар өз кезегінде астықтың шығымы мен сапасына кері әсер етеді.

— Өзіңіз айтып өткендей АҚШ-та кейінгі кездері бір рет егіп, қатарынан бес жыл орып отыратын астық тұқымы туралы жиі айтылып жүр. Бұл қандай тұқым жəне оның артықшылығы мен кемшілігі қандай болмақ? 

— Жақында АҚШ-тың Миннесота штатында болдым. Осында көпжылдық бидай өсіру процесімен таныстым. Бұл бидайды біздің елге алып келу мəселесі қаралуда. Оған əрине, мамандары, технологиясы бар деген сияқты қаржы қажет. Сондықтан, біз грантқа қатысып жатырмыз. Бұл бидай тұқымының артықшылығына келетін болсақ, оны 1 рет тасты, құнарсыз жерлерге егіп, қатарынан бес жыл орып отырасын. Тамырын 1,5 метрден астам тереңдікке жіберетіндіктен бұл бидай өсімтал келеді. Өскен жерінде арам шөптер болмайды. Əрине, өнімділігі кəдімгі бидайдан 10 пайызға төмен. Класы да төмен. Есесіне көктемде егу жұмыстарын қажет етпейді. Жалпы, күзгі егін орағында түскен пайданың 40 пайызы көктемгі дала жұмыстарына жұмсалатынын ескерсек, 10 миллионнан астам гектар жерін арам шөп басып жатқан біздің елімізде осындай бидай тұқымын өсіру маңызды. Бұл бір жағынан мал жемінің, екінші жағынан арам шөптермен күресу мəселесін шешуге септігін тигізер еді.

— Сөз соңында орталық жұмысы мен ғалымдар шығарған астық тұқымы туралы кеңірек тоқталсаңыз?

— Өз тарихында орталық осы күнге дейін 74 жұмсақ астық бидайы, 15 қатты бидай, 23 арпа және 3 күздік жұмсақ астық бидайы тұқымын жасап шығарды. Кеңес заманында басталған жақсы дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Орталық мамандары жергілікті жердің табиғатына, топырақ құнарлылығына, ауа райы жағдайына лайықталған жаңа дақыл сорттарын жасау бағытында жемісті жұмыстар жүргізіп келеді. Соңғы бес жылдың ауқымында институт 17 жаңа дақыл сорттарын дайындаған. Оның 7-уі бидай сорттары болса, екеуі арпа, сондай ақ, күнбағыс, рапс және көп жылдық екпе шөп сорттары да бар. Бүгінде ақмолалық диқандар көп қолданатын «Дамса юбилейный», «Корона», «Астана» сияқты бидай тұқымдары жоғары өнімділігімен де, сапалылығымен де диқан қауымының көңілінен шығып отыр. Өткен жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арнайы бидай сорты шығарылды және сынақтан өткізілді. Биыл сорттың алғашқы өнімі алынды. Басқалармен салыстырғанда бұл бидайдың сапасы жоғары болып шықты. Суыққа да төзімді келеді.

Жалпы, жыл сайын орталықта 95 мыңнан астам дақыл үлгілері зерттеледі, 2 мыңнан астам будандастыру жұмыстары жүргізіледі. Әлемнің 59 елінде өсірілетін түрлі дақылдарды жергілікті жерге жерсіндіру, будандастыру арқылы жаңа өнімді сорт алу бағытында мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Орталық дәнді және бұршақ дақылдарынан басқа тары, қарақұмық, картоп және майлы дақылдардың жаңа сорттарын жасау бағытында да өнімді жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін тарының 20 сорты, картоптың 26 және күнбағыстың 9 сорты жасалыпты.

Осындай игі істерді ескере келе, ғылым мен өндірісті тығыз байланыстырып, еліміздің егін шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосып отырған орталығының бергені де, әлі халыққа берері де көп деп білемін. — Əңгімеңізге рахмет! 

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/elimizde-bir-ret-egip-bes-zhyl-oryp-otyratyn-astyk-tukymy-osirilui-mumkin_a3087196