Елімізде электр қуатына ең көп төлейтін тұрғындар – Шымкентте тұрады
|
Қазақстан бойынша электр қуатына ең көп төлейтін тұрғындар Шымкентте тұрады екен. «Ақжайық» ықшамауданының тұрғындары «тұтынған электр қуаты үшін үш есе артық төлеп отырмыз» деп ашынуда. Осыдан он жыл бұрын бой көтерген елді-мекенге әлі күнге орталық электр жүйесі тартылмаған. Қазір тұрғындар жекеменшік трансформатордан таралатын қуатты пайдаланып отыр. Айтуларынша, оның иесі бағаны қалағанынша көтеріп, жарықты қалаған уақытында береді екен.
- Сені мәжбүрледі ме?!
- 32 теңге 41 тиын деген-не деген бәле ол?
- Ал, 60 теңгеге көтереміз!
Шымкенттің «Ақжайық» ықшамауданындағы бұл айғайдың басталғанына біраз болды. Жекеменшік трансформаторға қосылған 150 шақты шаңырағы бар елді-мекен тұрғындары «үш есе артық төлеп отырмыз»,- деп шамдануда.
Шаһар Түркеева, Ақжайық ықшамауданының тұрғыны:
- Тағы ай сайын әртүрлі бағада келеді. Бір айда 24 теңгемен келеді, бір айда 27 теңгемен келеді. Ал соңғы айда, қараша айында 37 теңгемен келіп отыр.
Өзгеден үш есе қымбат тұратын электр қуаты жиі сөне береді. Қымбат әрі тұрақсыз тоқтың тауқыметін әсіресе мектеп жасындағы оқушылар көріп отыр.
Аружан Сайранбай, мектеп оқушысы:
- Жарығымыз әлсіз. Жазу жаза алмаймыз. Кітапты әрең оқимыз.
Тұрғындарға электр қуатын тарататын трансформатор мынау. Ол да болса жекенің меншігінде. Осы қондырғыға қарайтын маман жарық бағасының былайша қымбат болуына тұрғындардың өздерін кінәлап отыр. Айтуынша, елді-мекенде электр ұрлығы жиілеген.
Назарбек Айдарбеков, электрик:
- Жаққан киловатымыз мынау бас есептегіште 36 мың КВ. Ал бүкіл халықтың есептегішін жинағанымыз бар ғой, ия, 20414-ақ киловатт болды. Қалғанының бәрі «ауаға ұшып кетті». Соны бөлсеңіз 32 сондай теңге шығады.
2009 жылы Оңтүстік Қазақстанда барлық трансформаторларды есепке алып, коммуналдық меншікке өткізу жөнінде шара басталған. Алайда, бір ғана Ақжайық ықшамауданында жекеменшіктегі 13 осындай қондырғы бар. Оның біразы талапқа сай емес. Ал жергілікті атқамінерлер қазынаның қаржысынан бұл жерге орталық желінің келер жылдың басында ғана толық тартылатынын айтады. Оңтүстікте электр қуатының бағасы 10 пайызға қымбаттағанына орай трансформатор иесі бағаны тағы да көтермек екен.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін