Министрлік ақпаратына сәйкес, бұл күні бірыңғай ұлттық тестілеу шарасын өткізуге арналған 49 бөлімшеде 28,8 мың түлек, немесе жалпы биылғы мектеп бітірушілер арасынан бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысуға ниет білдіргендердің 16 проценті емтихан тапсырады.
Тұтастай алғанда республиканың 82 аудан, 29 қаласында тестілеу шарасы өткізілетін 134 бөлімше ашылған. Бірыңғай ұлттық тестілеу шарасын өткізуге арналған бөлімшелерге министрлік тарапынан жүргізілген тексеру олардың жұмысқа дайын екенін көрсетті. Министрдің бұйрығымен әрбір бөлімшеде қабылдау және апелляциялық комиссиялар құрылды. Тестілеу барысында тәртіптің сақталуын министрліктен тағайындалған 600 уәкіл қадағалайды.
Бірыңғай ұлттық тестілеуге арналған емтихан материалдары ҚР ҰҚК мен көлік полициясы қызметкерлерінің күзеті аясында жергілікті жерлерге жіберілді. Әрбір бөлімшеге олар дәл емтихан басталатын күні жеткізіледі.
Бірыңғай ұлттық тестілеу шарасы 15-маусымға дейін созылады. Шараға барлығы 179,8 мың адам, немесе жалпы мектеп түлектерінің 76,4 проценті қатысады деп күтілуде.