Жарияланды: 540

Елімізде интернетті пайда көзіне айналдырғандар тұңғыш рет жауапқа тартылды

Интернеттегі ұрлыққа да тұсау салатын кез жетті. Елімізде тұңғыш рет ғаламторды пайда көзіне айналдырғандар жауапқа тартылды. Шығыс Қазақстан облысында интернеттегі тың дүниелерді көшіріп сауда қылған  екі адам қамауға алынған. Полиция оларды торрент арқылы авторлық құқыққа ірі көлемде зиян келтірді деп айыптап отыр.

Интернет пайда болғалы әлемде авторлық құқық мәселесі көлденең қойылған. Содан бері пираттардың әрекетіне тыйым болмай тұр. Елімізде де мұндай үрдіс қазір кеңінен етек жаюда. Біз үшін интернетте бәрі тегін! Бірақ көк тиын шығаруды ауырсынатындарға енді тықыр таянған секілді. Шығыс Қазақстанда осындай оңай олжа арқылы “мал” тауып жүрген  екіжеткіншек ұсталды. Полиция олардың компьютерін ақтарып, заңсыз әрекет жасап жүргенін білді. Екеуі біраз уақыттан бері интернеттен фильмдер, әндер көшіріп, сатқан. Дегенмен тіс қаққан қос хакердің заңсыз әрекетінің көлемін анықтау мүмкін болмай отыр. 

Қаламқас Темірова, ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі:

- 21 жастағы сайт иесі мен 19 жастағы оның сайт әкімшісі ұсталды. Заңсыз жұмыс істегеніне қатысты айғақтар жеткілікті. Бірақ авторлық құқыққа қанша көлемде зиян тигізгенін анықтау үшін арнайы орындарға сұрау жібердік.

Айта кететіні, мұндай виртуалдық әлем арқылы заңсыз қалта толтырғандардың ішінде осы қос жеткіншек қана тұңғыш рет жауапкершілікке тартылып отыр. Бірақ бұл үрдіс те ұзаққа созылмайтынсияқты. Бұл ретте ел парламенті торрент-трекерлерді жүгендейтін авторлық құқықты қорғау заңын жетілдіруді қарастыруда. «Заң жобасы интернеттегі жауапкершілікті жіктеп тұрып бекітпек» - дейді қоғамдық ұйым өкілдері.

Бауыржан Айдарбеков, “Абырой”  Авторлық құқықты қорғау қоғамының бас директоры:

- Парламентте Заң қаралып жатыр. Онда, кім қандай жауапкершілікке  тартылатыны туралы нақтыланбақ. Авторлық құқықтарының бұзылып жатқанын айтып шағымданғандар көп. Яғни олардың шығармалары жаппай заңсыз пайдаланылып  жатыр.    

Ал өскемендік жеткіншектердің ғаламторағы сайты толығымен жұмысын тоқтатқан. Қазір полиция оларға қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастыруда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть