Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өткен жылыту кезеңінің қорытындылары және алдағы маусымға дайындық туралы баяндады.
Ол өткен жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың жоспарланған қажеттілігі шамамен 7,9 млн тонна көмірді құрағанын атап өтті.
Республикалық штабтың «Қазақстан темір жолы», жергілікті атқарушы органдар және көмір өндірушілермен бірлесіп жасалған жұмыстың нәтижесінде өткен жылыту маусымында көмір тұрақты жеткізілді. Барлық тұтынушы толық көлемде көмірмен қамтамасыз етілді, жоспар 101,1%-ға орындалды. Бұл ұйымдастырылған іс-шаралардың сенімділігі мен тиімділігін көрсетеді. Қоймалар мен теміржол тұйықтарында шамамен 350 мың тонна көмір қоры бар.
«Алдағы 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық шеңберінде Министрлік жергілікті атқарушы органдардың, ҚТЖ және көмір компанияларының атына көмірді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жолдады. Сонымен қатар, көмір жеткізудің тұрақтылығын арттыру мақсатында қазіргі уақытта «Қазтеміртранспен» бірлесіп көмір компанияларымен белгіленген бағамен және оларды жылжымалы құраммен қамтамасыз ету кепілдігімен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мәселесі пысықталуда», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 109,8 млн тонна көмір өндірілді, оның ішінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 8,6 млн тонна, энергия, жылу өндіруші кәсіпорындарға – 65,7 млн тонна, өнеркәсіп кәсіпорындарына 6 млн тонна, көмір экспорты 29,5 млн тоннаны құрады.
Осы жылдың төрт айында 36,4 млн тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға артық.
Жыл сайын жылыту маусымынан өту кезінде жоғары тозуға байланысты жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі технологиялық ақаулар мен аварияларға байланысты тәуекелдер бар.
Өткен жылыту маусымында жылумен жабдықтау жүйелерінде 53 ал сумен жабдықтау және су бұру желілерінде 264 технологиялық ақаулар тіркелді.
Олардың басым бөлігі Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында.
Республика бойынша жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 137 мың шақырымды құрайды. Ең көп тозған инженерлік желілер Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Абай және Ұлытау өңірлерінде орналасқан.
Биыл сумен жабдықтау нысандарын салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 176 млрд теңге қарастырылған.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес 2030 жылға қарай инженерлік желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендету қажет.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды.
Ұлттық жоба аясында бір 1 трлн теңге болатын шамамен 8 мың шақырым су және су бұру желілерін жаңғырту жоспарлануда.
Жоба тозығы жеткен инженерлік желілерді кезең-кезеңімен азайтуға, су және су бұру жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы апат санын азайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы жылу маусымына дайындалу мақсатында Министрлік іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Осы жоспарға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 1 қыркүйекке дейін 10 876 білім беру нысандарын жылыту мерзіміне дайындау қажет, 15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, 15 қазанға дейін қалған өңірлерде 5 644 денсаулық сақтау нысандарын, және жеті 51 637 тұрғын үйдің дайындығын қамтамасыз ету міндеттелді.
Сонымен қатар, жылу беру маусымына дайындық есебін апта сайын ұсыну, көмірге қажеттілік жоспарын әзірлеп, бекіту, барлық өңірдегі көмір операторларының биржалық саудаға қатысуын қамтамасыз ету, бюджеттік ұйымдарға көмірді дайындау жұмыстарын бастау, дебиторлық берешекті өтеу бойынша шаралар қабылдау қажет.
«Алдағы жылыту маусымына дайындық Министрліктің тұрақты бақылауында. Күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін нысандардың дайындығына апта сайынғы мониторинг ұйымдастырылып, климаттық және техникалық факторлар бойынша тәуекелі жоғары өңірлерге ерекше назар аударылатын болады», — деп қорытындылады сөзін Ерсайын Нағаспаев.