Шихы Орынбаев коммуналдық қызмет ақысын осы айдан бастап енді одан да көп төлейтін болды. Тұрғындар тоқ көзінің өзіне ақшаны екі есе жұмсамақ. Әсіресе, көп балалы отбасылар мен зейнеткерлер жаңа тарифтер қалтаға ауыртпалық түсіреді деп қынжылады.
“Қазір тоққа 7-8 мың төлеп жүрмін. Енді көтерілсе 10-12 мыңға дейін төлеймін ғой сонда. Біздер зейнеткерлерге, көп балалы семьяларға қиын болатын түрі бар”, – дейді зейнеткер Шихы Орынбаев.
Ақтау тұрғындары электр энергиясының 1 кВт- на қазір 12 теңге 78 тиын төлеп отыр. Ал, қала іргесіндегі елдімекенде тұратындар әр киловатына 15 теңге 52 тиын жұмсайды. Заңды тұлғалар үшін 24 теңге. Баға енді 7,5 пайызға артады. Су, жылу, көгілдір отын құны да өңірде 10 пайызға көтерілмекші.
“Қазір заявкалар түсіп жатыр. Яғни, бізге тарифті 5-10 пайызға дейін көтеру жөнінде сұраныс келіп түсіп жатыр. Біз шешімді енді қабылдаймыз”, – дейді МО табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Бақытбек Мұратов. Коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің ұсынысы бекітіліп үлгерді. Тұрғындар жаңа жылдан бастап жаңа тарифке көшті.
Серіктестіктер тасымалдау шығынының көбеюіне байланысты бағаны өсіруге мәжбүр екен.Тұрмыстық қатты қалдық бойынша да жаңа тариф белгіленді. Осы жылдың 15 – ақпанынан бастап қоқыс шығаруға төленетін ақы адам басына шаққанда 179 теңге 58 тиын. Ал, сұйытылған газ бағасы өзге облыстарда 14 пайызға дейін артса, Ақтауда тұрақты. Газ құю бекеттерінде әр литрі қазір 35 теңгеден сатылып жатыр. Мамандардың айтуынша, Маңғыстау өңіріне бекітілген шектік баға осы айда қымбаттауы мүмкін.