Бұл туралы аталмыш шараның ұйымдастырушылары — Кино үйі өкілдері Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Фестивальді өткізу бойынша бастамашыл топтың мүшесі Оксана Мельникованың айтуынша, бұл фестиваль америкалық «Мохнатый лапоть» деп аталатын баламалы фильмдер кино фестивалінің сыңары болмақ.
«Қазақстан қазіргі уақытта фильмдерді шығару бойынша рекордтық көрсеткішке жетуге аз қалды. Әрине, отандық киноның дамып жатқандығы қуантады. Бірақ, кинолар санының көптігі соншалық, шығып жатқан фильмдердің көбі «Еуразия» сынды халықаралық фестивальдерге қатыса алмауда. Сондықтан, кинематографистер мен прокатшылар өзінің фестивалін тағайындауды жөн көрді. «Мохнатый лапоть» «Еуразия» фестиваліне өтпей қалған, басқаша айтқанда, нашар деген фильмдерді жинап, марапаттамайды, ол сонымен қатар ең үздік деген фильмдерді анықтайтын болады. Бұл фестивальдің міндеті мен мақсаты — ресми тұлғалардың рұқсат бермеген фильмдерін үлкен экранға шығару болып табылады»,-деді продюсер Петр Новиков.
Оның айтуынша, бұнымен қатар, фестивальдің екінші міндеті де бар. «Ол — жеке секторға инвестиция тарту мақсатында кинематографистер мен прокатшылардың, сонымен қатар продюсерлердің күшін бір орталыққа шоғырландыру. Өздеріңіз білесіздер, Голливуд жеке инвестицияның арқасында дамыды. Ал, кино қазіргі уақытта бизнестік көзқараспен қарағанда инвестиция салуға тартымды сала. Оған «Қайрат чемпион», «Рэкетир» сынды фильмдер дәлел бола алады»,-деді П. Новиков.
Оның пікірінше, елімізде киноның қарқынды да, жетістікті дамуы үшін продюсерлеу және инвестициялау институтын дамыту қажет.
Оксана Мельникованың айтуынша, қазір ұйымдастыру жұмыстары жүруде. «Фестиваль Кино үйінде өтеді. Әділ қазылар құрамы әзірге белгісіз. Фестивальге ниет білдірушілердің барлығы қатыса алады»,-деді ол.
Шара барысында режиссер Петр Новиковтың «Сквер» деп аталатын психомистикалық драмасының премьералық көрсетілімі болды.