Елімізде өткен жылы 29 судья жұмыстан қуылған - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 Елімізде өткен жылы 29 судья жұмыстан қуылған

Елімізде өткен жылы 29 судья жұмыстан қуылған

"Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?"

  • 6 Наурыз 2020
  • 21
Фото - Caravan.kz

Елімізде өткен жылдың өзінде түрлі себептермен 29 судья жұмыстан қуылған.  Нақты айтатын болсақ, пара алған, істі дұрыс қарамаған, заңды белшесінен басқан.  Заң саласының мамандары, үкім шығаратындардың қызметінің сапасын арттыру үшін сот жүйесін өзгерту керек дейді. Аталған сала тәуелсіз болуы керек дегенді де алға тартты.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасайды.

Өткен жылы жалпы саны 90-нан астам судья қызметінен кеткен. Соның жиырма тоғызы теріс көрсеткіштері үшін қызметінен босатылыпты. Бұл туралы жоғарғы сот төрағасы бапасөз конференциясында айтқан еді.

АБАЙ  РАХМЕТУЛИН, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ «2019 жылы 29 судьяны қызметінен босаттық. Соның ішінде заңды қатаң бұзған 7 судья. Теріс себеп дерегіне парамен ұсталғандар, "істі дұрыс қарамады, заңды өрескел бұзды" деген жағдайлар кіреді. Өткен жылы дұрыс жұмыс істей алмаған 29 судья қызметінен кетті. Қазіргі таңда, 8 судьяны жұмысынан босату мәселесі Президенттің қарауында жатыр».

Қоғам белсендісі Бақытбол Берімбай судьялар жұмысының сапасын арттыру бағытында жұмыс жасау әрине орынды дейді. Бірақ, жалпы алғанда сот жүйесінің жалпы ұстанамы мен құрылымын қайта қарамай, бәрі бекер болмақ деген ойын ортаға салды.

БАҚЫТБОЛ  БЕРІМБАЙ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
«Мысалы кейбір азаматтарды жазықсыздан жазықсыз соттап жіберіп жатады. Оның бір саяси көзқарасы үшін, билікке қарсы көзқарасы үшін соттап жіберіп жатады кейбір азаматтарды. Судья ондай шешімді биліктің ықпалы арқылы жасайды. Сондықтан менің ойымша сот әділ болуы керек. Адал болуы керек. Ешкімнің ықпалынсыз Ата заңмен жұмыс жасауы керек»

Сот билігі тәуелсіз болуы керек деген пікір ойға қонымды.  Алайда, заңгер Айсана Сман судьяларды белгілі бір деңгейде мемлекет тарапынан бақылау қажет екенін жоққа шығармайды.

АЙСАНА СМАН, АДВОКАТ:
«Мемлекет судьяға барлық жағдай жасап отыр. Жалақысы жоғары, әлеуметтік жағынан қолдап отырады. Сондай жағдайларда судья пара алып, болмаса коррупция жасаған кезде меніңше мемлекет судьяларды бақылап отыруы керек. Бақылау функциясы керек».

Ал, Заңгерлер одағының төрағасы Ақылбай Серік сот жүйесіне тұрақтылық керек екенін айтады. Төраға ауысса, міндетті түрде  реформа жасау қажет емес. Бұның халыққа да, судьяларға да пайдасы шамалы екен.

АҚЫЛБАЙ СЕРІК, ҚР ЗАҢГЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  
«Соттың академиясы бар. Соттарды дайындайтын академия 2 жыл оқиды. Бірақ менің байқағаным сол академиядан шыққандар бірден сот болып, жұмыс істеп кете алмайды. Менің ойымша қазір біздің системада сот болуы үшін, ең алдымен соттың көмекшісі болып кемінде 2-3 жыл істеуі керек».

Осы кадр мәселесі қалай шешілуде? Республика бойынша 2600-дан  аса  судья жұмыс істейді екен. Бос орындардың саны  — 265. Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Елназар Тұрсынбекұлының айтуынша, бұл мәселені шешуде асығыстық жоқ. Сан емес, сапаны көздейтін көрінеді.

ЕЛНАЗАР МАНАПОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
«Қазір аттестация жүргізіп жатыр. 5 жыл бойы судьялар өз жұмысы бойынша аттестациядан өтеді. Осы аттестациядан сүрініп жатқан судья, сол комиссияның шешімі бойынша жұмыстан+ босатылуы мүмкін».

Судьялардың  жұмысына қатысты ашық ақпарат деректерінде болсын, қоғам арасында да сын-ескертпе көп айтылады. Соның бірін Мемлекет басшының қатысуымен өткен Ұлттық кеңестің отырысында Айман Омарова айтқан еді. Адвокат төрелік айтатындар тек білімді, білікті ғана емес, сонымен қатар іліне адал әрі істің анығын ақиқатына қарай жіктей алатын болуы керек деп бір мысад келтірген болатын.



АЙМАН ОМАРОВА, АДВОКАТ:
«Он үш жасар баланы 1 жыл бойы Сарығаш ауданында интернатта зорлаған. Оны балалар тесік деп атаған. Сол балаға жығылғанға жұдырық деп Түркістан облысының соты зорлаған баланы ақтап жіберген. Себебі интернатты жапқысы келмейді. Бәрі сот әділетті болса екен деп ойлайды. Халыққа қайда барады? Сот жүйесін өзгерту керек деп ойлаймын».

Сонымен, елімізде судья тапшылығы бар. Сәйкесінше кадр мәселесі шешілмей, өзгелеріне жүктеме артуда деген сөз. Осы тақырыпта сөйлеген әр сарапшының ойы түптеп келгенде бір жерден шықты. Сот тәуелсіз шешім шығара алатындай болуы қажет және өз жұмыстарын білетін нағыз мамандардан құралуы тиіс. Бұл шаруада бірізділік қажет екен. Тұтас жүйені бұзып тастап қайта жасақтамай, барын жақсарта түскен абзал. Бұл да мамандардың пікірі.

Соңғы жаңалықтар