Министр осы орайда «құрт ауруы айрықша маңызды әлеуметтік және медициналық проблема қалпында қалып отырғанын» атап көрсетті.
Ж.Досқалиев елімізде 1998-жылы елімізде құрт ауруымен күрестің Дүнииежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан ұсынылған стратегиясы қолданысқа енгізілгенін еске сала кетті. 2001-жылдан бастап бұл жүйе Қазақтандағы ахуалға сәйкестендірілді. Атап айтсақ, бактериоскопиялық тәсілмен бірге халық арасында флюорографиялық тексеру кеңінен қолданыла бастады. «Бұл ауруға шалдығу көрсеткішінің артуына алып келгенімен, құрт ауруының деструктивтік түрлерінің үлес салмағын азайтуға және олардың өсу қарқынын бәсеңдетуге, сондай-ақ, аталмыш дерттен көз жұму көрсеткішін азайтуға септігін тигізді»,- деді министр. Сондай-ақ, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін еліміздің бірқатар аймақтары мен пенитенциарлық жүйе мекемелерінде құрт ауруы проблемалары жөніндегі ғылыми орталықтың салалық бөлімшелері ашылды. Атап айтсақ, осындай орталықтар Ақтөбе, Шымкент және Семей қалаларында құрылды. Сондай-ақ, «Қазақстанда құрт ауруымен күресті күшейту жөніндегі 2004-2006-жылдарға арналған бағдарлама» жобасы жасалды.