Елімізде қылмыстарды ашу көрсеткіші 9,5 процентке төмендеді - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
21 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде қылмыстарды ашу көрсеткіші 9,5 процентке төмендеді

Елімізде қылмыстарды ашу көрсеткіші 9,5 процентке төмендеді

2004-жылғы 6 ай қорытындысы бойынша елімізде қылмыстардың бетін ашу көрсеткіші 9,5 процентке төмендеп, 66,3 процентті құрады. Бұл туралы бүгін, 19-шілдеде ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйлеген осы мекеме басшысы Зауытбек Тұрысбеков мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 19 Шiлде 2004
  • 445
Фото - Caravan.kz

Министрдің түсініктемесіне жүгінсек, қылмыстарды әшкерелеу көрсеткіші қылмыстарды тіркеу көрсеткішінің (23,9%) өсуіне байланысты төмендеп отыр. «Біз ҚР бас прокуратурасымен бірлесе отырып қылмыстарды толыққанды тіркеп есепке алу бағытында қатаң саясат ұстанып отырмыз. Соның нәтижесінде қылмыстарды жасырып қалуға бағытталған көп жылғы тәжірибенің тамырына балта шабылады»,- деді З.Тұрысбеков.

Дегенмен, министр «қылмыстарды 100 процент тіркеп есепке алудың айрықша қиындық тудырып отырғанын мойындады». З.Тұрысбековтың айтуынша, қылмыстарды тіркеу көрсеткіші «бұған дейін талай мәрте тексерілген» аймақтарда мейлінше өсе түсті. Атап айтсақ, Павлодар облысында қылмыстарды тіркеу көрсеткіші 75,9%-ке, Шығыс Қазақстан облысында 40,2%-ке, Оңтүстік Қазақстан облысында 25%-ке, Қарағанды облысында 21,1%-ке, Алматыда 34,9%-ке, Астанада 16,9%-ке өсті. Ал тексеру жүргізілмеген Алматы және Солтүстік Қазақтан облысында мұндай ағым байқалмай отыр. Ал Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында керісінше, «қылмыстарды тіркеу көрсеткіші азая түскен».
З.Тұрысбековтың айтуынша, мал ұрлығы, пәтер тонау және ұялы телефон ұрлығы тәрізді қылмыстар есебінен тіркелген қылмыстар саны артып отыр. «Осындай жасыруға жеңіл қылмыстармен қатар ауыр қылмыстарды тіркеу көрсеткіші 18,5%-ке, аса ауыр қылмыстар 8,6%-ке өсті»,- деді ІІБ-ның бастығы.
«Қылмыстарды есепке алуды жасыру лауазымдық қылмысқа жатады»,- деді З.Тұрысбеков. «Бұдан былай осындай жағдайға кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаң жазаға тартылады. Ал болашақта қылмысты жасырған қызметкер полициядағы жұмыстан шығарылатын болады»,- деді министр.

Перейти к новостям спорта