Ресми деректерге сүйенсек, елімізде әрбір алтыншы отбасы бала сүю бақытына бөлене алмайды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ulysmedia-ға сілтеме жасап.
Перзенті жоқ жұптардың 45 пайызы жасанды ұрықтандыру технологиялары арқылы ата-ана атана алады. Ал қалған 55 пайызы артында ұрпақ қалдырғысы келсе, не бала асырап алады, не суррогат ананың көмегіне жүгінеді.
Суррогат ана – бала сүюге мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыпты үшін қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылғаннан кейін құрсақ көтеретін және бала туатын әйел.
2004 жылдың 16 шілдесінде қабылданған «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы» ҚР заңында «суррогат ана» ұғымы заң жүзiнде бекiтiлді. Осы құжат бойынша елімізде адамды клондауға тыйым салынды, ал ерлi-зайыптыларға суррогат ана қызметiне жүгіну құқы берілді. Содан бері құрсағын жалға беруші келіншектер нәпақасын қымсынбай тауып жүр.
Алайда жатырын жалға беру арқылы табыс тапқысы келетіндердің бәрі бірдей суррогат ана бола алмайды. Заң бекіткен талаптарға сай келетіндер ғана бөтен отбасыға бала сүю бақытын сыйлай алады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» кодексінің 56-бабы бойынша:
- жасы 20-35 аралығында;
- өзінің дені сау баласы бар, табиғи жолмен босанған;
- зиян әдеті жоқ;
- физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы канағаттанарлық және медициналық ұйымның қорытындысымен расталған әйелдер құрсақ ана бола алады.
Қазақстанда суррогат ана қызметі заңдастырылғалы бері 20 мыңнан астам бала жат құрсақта дүниеге келіпті. Бірақ бұл қызмет дін өкілдері мен кейбір ғалымдардың арасында әлі де дау туғызып келеді.
Ғалымдар балаға құрсақ анасынан генетикалық ақаулардың берілу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сонымен бірге баланың психологиялық бейімделуі де мәселе ретінде қарастырылады. Егер ол өзін анасының емес, басқа әйелдің дүниеге әкелгенін білсе, бұл оны толғандыруы, психикасына кері әсер етуі мүмкін дейді мамандар.
Агенттік өкілінің айтуынша, дайын, сенімді құрсақ ананы тауып бергені үшін ұйымға 1 млн теңге төлейсіз. Ал жатырын ұсынатын әйелге 9 ай бойы 200 мың теңге жалақы, киім-кешек алуға 150 мың көлемінде бір реттік төлем және баланы дүниеге әкелген соң 6 млн теңге сыйақысын санап бересіз. Бұдан бөлек, ЭКҰ процедуралары мен дәрі-дәрмек шығынын да өз мойныңызға аласыз. Яғни, суррогат ананың құрсағын жалға алғыңыз келсе, қалтаңызда кемі 10 млн теңгеңіз болуы қажет.
Тәжірибесі жоқ суррогат ананың ақысы тапсырыс беруші ҚР азаматтары болса, ең азы 5 миллион теңгеден басталады. Ал тәжірибесі бар суррогат ана қызметінің құны 7 миллион теңгеден басталады. Егер баланың биологиялық ата-анасы суррогат анаға жүктілік кезінде тұратын үй тауып бермейтін болса, суррогат ана ай сайын 300 мың теңге алып отырады. Дегенмен әдетте суррогат ананың көпшілігіне тұрғын үй беріледі, сондықтан ай сайынғы төленетін сома азаяды.
Суррогат ана босанғаннан кейін денсаулығын қалпына келтіріп, емделуі үшін шамамен — 400-500 мың теңге өтемақы төленеді. Егер әйел баланы кесарь тілігі арқылы босанатын болса, ем алу үшін өтемақы сомасы 1 миллион теңгеден басталады. Суррогат анадан дүниеге егіздер келсе, өтемақы сомасы 1,5 миллион теңгеден жоғары болады.
Біздің елде суррогаттық – тапсырыс берушіге де, қызметін ұсынушыға да қолайлы жол. Ал әлемнің көп елінде оған заңмен шектеу қойылған. Мәселен, Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Қытай, Швецияда бұл қызметке үзілді-кесілді тыйым салынған. Канада, Израиль, Ұлыбритания, Австралия, АҚШ-тың бірнеше штаттарында белгілі бір коммерциялық келісіммен суррогат ана атануға рұқсат жоқ.
Үндістанда бұл қызмет енді ғана қолданысқа еніп жатыр, алайда елдегі құрсақ аналар заңмен тыйым салынған мемлекеттердің азаматтарына қызмет көрсетпейді. Мұсылман елдерінде суррогат ана қызметі ислам дініне қайшы деп танылған. Сондықтан ресми түрде тек Иранда ғана рұқсат етілген.
Ал посткеңестік елдерде суррогат ана атану коммерциялық мүддені көздейді. Украинада, Ресейде бұл іс әлдеқашан жолға қойылған.
50 жасында ана атанған белгілі продюсер Баян Алагөзованың сүйінші хабарынан кейін Қазақстанда суррогат аналар қызметі жайлы білгісі келетіндер көбейді. Алайда, Алагөзова қызының өмірге қандай жолмен келгенін ашық айтпады.