Жарияланды: 610

Елімізде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің алқа мәжілісі болып өтті,

деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен. «Республикада санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 11 инфекция бойынша ауру жағдайы тіркелген жоқ, 12 инфекция бойынша көрсеткіштің төмендегені байқалады. Уақытылы жүргізілген алдын алу іс-шаралардың нәтижесінде республиканың эндемиялық өңірлерінде ағымдағы жылы халықтың аса қауіпті инфекциялармен, оның ішінде Конго-қырым қанды безгегімен сырқаттануының төмендегені байқалады», - делінген басасөз хабарламасында. Ведомствоның атап өтуінше, балаларға полиомиелитке қарсы қосымша екпе жасау бойынша жүргізілген жұмыс республика аумағында полиомиелиттің таралуының алдын алуға мүмкіндік берді. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны кезінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне жол берілген жоқ. Ресей мен Беларусьтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандарымен бірлесіп, Кеден одағы шеңберінде жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда Кеден одағының санитарлық шаралар бойынша бірыңғай нормативтік-құқықтық базасы әзірленді және толық қалыптасты. Ағымдағы жылғы қаңтардан бастап 26 мамыр аралығында Комитет және оның аумақтық департаменттері Қазақстанға келетін өнімдер мен тауарларға мемлекеттік тіркеу туралы 10 мыңнан астам куәлік берді. ҚР Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекованың тапсырмасы бойынша Комитет және оның аумақтық бөлімшелері санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес бойынша нақты шараларды іске асыруда. Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша Комитет төрағасы - ҚР Бас санитарлық дәрігері К.Оспанов екінші жарты жылдықта қызметтің алдында тұрған міндеттерді айқындады. Онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңсыз тексерулер жүргізуге әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке жауапкершілігі, аса қауіпті және басқа да инфекциялық аурулар ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту бойынша кәсіпкерлік субъектілермен өзара іс-қимыл жасау, балаларды пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялауды одан әрі енгізу, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің БМСК ұйымдарымен халықты санитарлық ағарту мәселелері бойынша ықпалдастығы мәселелеріне баса мән беріледі. Алқа мәжілісінің жұмысына облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының, республикалық ғылыми орталықтардың, обаға қарсы күрес және дезинфекциялау стансаларының басшылары қатысты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть