Елімізде шенеуніктің қызметті таныстықпен иеленгені расталса ғана жұмыстан қуылады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде шенеуніктің қызметті таныстықпен иеленгені расталса ғана жұмыстан қуылады

Елімізде шенеуніктің қызметті таныстықпен иеленгені расталса ғана жұмыстан қуылады

Туған-туысқа мемлекеттік қызметте орын жоқ! Ал білігі аз болса да, таныс-тамырын жарылқап билікке әкелген шенеуніктер қатаң жазаланатын болды.

  • 23 Қазан 2015
  • 462
Фото - Caravan.kz

Алғаш рет осындай талап енгізілген «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды бүгін Сенат бекітіп берді. Құжат бойынша, адамның мансапты таныстықпен иеленгені расталса, өзі де, және оның жоғарыдағы  көкесі де,  бірден жұмыстан қуылады. Егер әрекеттерінен қылмыстың белгісі табылса, билікті көксегендерді ірі айыппұл немесе түрме күтіп тұр.

Мемлекеттік мекемеге басшы болып тағайындала салысымен тамыр-таныс, ұл мен қызын жұмыспен қарық қылатын шенеуніктерге қиын болғалы тұр. Бүгін жемқорлыққа қарсы агенттіктің төрағасы «Бәке-Сәкеге» балта шабатын заң жобасын Сенатқа алып келді. Қайрат Қожамжаров ең алдымен жанына өз адамдарын жинап алып, ойна келгенді істейтіндер басшылармен   күресемін деп білек сыбанып отыр.  

Қайрат Қожамжаров, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы:

-Осы шаралар мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстық,  ағайынға бүйрек бұрушылық және заңсыз қамқоршылықтың  барлығын жояды. Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық жоғарылауы тек конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Командамен жүру демекші, агенттік Алматы әкімі Бауыржан Байбектің үш орынбасарын ауыстырып өз адамдарын тағайындаудан заңға қайшы әрекет таппапты. Ал, жалпы, елімізде мемлекеттік қызметке орналасудың ережесі өзгермек. Көпке арман «А» корпусына  өтпегендер   «Б» тобына ілігу үшін үш түрлі сынақтан өтіп, білім-білігін дәлелдеуі тиіс. Сонымен қатар атқамінерлерге жалақы қылған қызметіне, мекемеге әкелген табыс көлеміне қарай төленеді. Бірақ, бұл бастамаға сенаторлар қарсы шықты.

Серік Ақылбай, Сенат депутаты:

-Бізде мемлекеттік қызметке ең төменгі сатыға орналасқан адам айына 40 мың теңге алады. Қазіргі уақытта 40 мың теңгеге кім тұра алады, әсіресе қалада?  Ең төменде отырған адамнан жоғарыдағылар, жемқорлықтың практикасы бойынша содан жинайды бәленің бәрін. Халықтан төменгісі алады, одан жоғарығысы алады. Менің сұрайтыным, заң бойынша ең төменгі жалақыны мемлекет қызметкерлеріне көбейту туралы.

Тағы бір жаңалық – енді ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдар шетел азаматтарын еш қиындықсыз жұмысқа қабылдай алады. Үміткер тек Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексеруінен өтсе жетіп жатыр. Сондай-ақ, Сенат бүгін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды да мақұлдады. Ол бойынша, ақпарат беруден бас тартқан шенеуніктер тегіс айыппұл төлеуі тиіс. Бұл құжатты сенаторларға мәжілістегі әріптестері таныстырды.

Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:

-Егер азаматтар мемлекеттік органға хат жазып, белгілі бір мәлімет сұраған жағдайда шенеуніктер жауап бермесе немесе жалған ақпарат таратса, жазаланады. Мәселен, 59 460-ден 198 200 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Бір жылдың ішінде мұндай заңбұзушылық екінші рет қайталанса, айыппұл 396 400 теңге дейін көтерілуі мүмкін. 

Яғни, министрлер, әкімдер мен депутаттар халыққа жаппай есеп беруге міндетті. Әрбір мемлекеттік орган жұмсаған қаржысы, атқарған жұмысы, бюджет ақшасы мен қабылданған заң туралы да тұрақты ақпарат таратып отыруы қажет. Тіпті, қауіп-қатер, апат жайында да алдын ала ескертуі тиіс. Бұл талап бүгін алғаш рет заңмен бекітілді.

Соңғы жаңалықтар