Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.
«Сонымен қатар тұжырымдамада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан театр және мұражай ісі жөніндегі шығармашылық кеңестер құру қарастырады», — деген министр аталған шығармашылық кеңестердің не үшін қажет екендігін де түсіндіріп өтті.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елімізді театр және мұражай қызметтерін үйлестіретін бірыңғай орган жоқ. Өйткені, бүгінде барлық театр жергілікті атқарушы органның қарамағында, ал мамандарды даярлау Білім және ғылым министрлігінің еншісінде. Мәдениет және спорт министрлігі болса, театр қызметтерін тек үйлестіруге ғана қауқарлы. Қазіргі таңда Қазақстанда 52 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 43 өңірлік театр және оннан астам әртүрлі бағыттағы театрлар бар.
«Тәуелсіздік жылдары республикада он сегіз театр ашылды. Бұл ТМД елдері аумағындағы ең жоғары көрсеткіш екендігін мақтанышпен айтуға болады. Үш театрға арналып Орал, Қарағанды және Қостанай қалаларында жаңа ғимараттар салынды. Мұндай оңды динамика — мемлекеттік қолдау белсендігінің нәтижесі», — деді ол.
Айта кетейік, министр еліміздің мәдениет саясаты тұжырымдамасы жайында баяндама жасаған болатын.
