Елiмiзде тұңғыш рет 4 жасар балаға бүйрек трансплантациясы жасалды
|
Қазақстан медицинасында жаңа белес! Астанада тұңғыш рет 4 жастағы балаға өз әкесінің бүйрегі салынды. Дегенмен, операция жасауға отандық дәрігерлерге беларустық әріптестері көмектесіпті.
44 жастағы Игілік Қизатов 1 бүйрегін кесіп берді. 4 жастағы қызы Ажардың өмірін сақтап қалу үшін. Израильдегі дәрігерлер баланың жарты жыл ғана өмірі қалды деген соң әке жүрегі шыдамаған. Бірнеше жыл дайындықтан соң, ол елімізде тұңғыш рет өз баласына бір бүйрегін берген әке атанып отыр. Қазір өзі де дәрігерлердің қарауында. Бір бүйрекпен жүріп үйреніп қалдым дейді.
Игілік Қизатов, Ажардың әкесі:
- Кешеден бері тұрып жүрмін, 2-4 қабатқа көтеріліп, баламды барып қарап келдім.
Мына кадрлер бүйрекке операция жасау барысында түсірілген. Мұндай операция шетелде 150-200 мың еуродан кем емес. Сондықтан, әкесі беларустық дәрігерлердің көмегімен 3 күн бұрын өз жерімізде ота жасатуға бел буған, бірнеше жыл дайындықтан соң. Өйткені, үлкен адамның бүйрегі кішкентай баланың ағзасына сәйкес келуі үшін, баланың салмағы 10 келіден асуы тиіс екен.
Венера Алтынова, «Ана мен Бала» орталығының бөлім меңгерушісі:
- Бұл жерде ересектерге қарағанда балаға бүйрек салу сәл басқаша өтеді. Бүйрек баланың іш жағына салынады. Ол 10 келі салмақты жинаған кезде ғана сол салынған жерден бүйрек өз орнын табады.
2 жастан енді асқан Асылжан да туа бітті бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан. Бірақ бүйрек алмастыратындар тізіміне әлі енбепті. Өйткені, салмағы жетпеген. Анасының сөзінше, Асылжанның бүйрегін Беларусьте ауыстыру үшін 40 мың доллар қажет екен. Ал бала өмірін мына түтікшелер арқылы жіберілетін сұйықтық қана сақтап тұр.
Бүгінде елімізде дәл осындай 30-дан астам бала бүйрек алмастыру үшін тізімде тұр. Олардың бәріне бірдей туысқандары бүйректерін бере қояды деу қиын. Донорлық бүйректің жоқтығын дәрігерлер діни сенімдегі адамдардың қарсылығымен және жұрттың әлі де түсінбейтіндігімен байланыстырады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін