Жарияланды: 620

Елімізде тұңғыш рет «Argento арт-орталығы» мейрамханалық галереясы ашылды

Елімізде тұңғыш рет "Argento арт-орталығы" мейрамханалық галереясы ашылды. Кеше Алматыда аталмыш орталықтың салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Жаңа бейнелеу және қолданбалы өнер саласындағы "Ерекше талғамдағы өнер" деп аталатын бірегей жаңа жобаны қолға алған "Argento" мейрамханасы. Мейрамхананың арт-директоры Евгений Канның айтуынша, енді мұнда еліміздің қолөнер шеберлерінің туындыларын көруге болады. "Көрмелер уақыт өте жаңарып отыратын болады. Әр келуші мұнда тамақтанып қана қоймай, дәстүрлі де жаңа, заманауи өнердің үлгілерін, қазақстандық шеберлердің ең үздік деген жұмыстарын көре алады. Негізінен, мейрамханалық галерея Еуропада жақсы дамыған. Бізде неге елімізде ашпасқа деген ойға келіп, іске асыруды жөн көрдік. Осылайша, бір жағынан біз қолөнер шеберлерін қолдамақпыз және олардың өнерін таныстырмақпыз", -деді ол. Мейрамханалық галереяға қойылатын ең үздік туындылар арнайы таңдаудан өтіп қойылатын болады. Мейрамханаға келушілер эксклюзивті жұмыстарды тамашалап қана қоймай сатып та ала алады. Мейрамхана басшысының айтуынша, мұнда көбіне шетелдік қонақтар көп келеді екен. Ендеше, шетелдіктер үшін қазақстандық мәдениетпен танысудың тағы бір мүмкіндігі туды. Алғашқы "Матадағы ғажайып" деп аталатын көрмеге сәндік киіз өнерінің хас шебері Гүлшат Жураеваның, алтын жіппен тігумен айналысатын өнер шебері Айжан Әбдубаитованың, сонымен қатар, жібек матаға сурет салушы шебер Юлия Исмамбетованың туындылары қойылды. Шара барысында суретші Юлия Исмамбетова галерея қонақтарына шеберлік сынып өткізіп, матаға салған суретін, орталықтың ашылуына орай мейрамхана басшысы Евгений Канға сыйға тартты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін