Бұл туралы бүгін Үкіметте техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде сапаны арттырудың іс-қимыл жоспарын таныстыру кезінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Министрдің айтуынша, зерделенген шаралардың мәліметіне қарағанда елімізде білім алғаннан кейін экономика орта біліммен — 21 пайыз, техникалық және кәсіби біліммен — 41 пайыз, жоғары біліммен 38 пайызға жыл сайын толығады. Бұл көрсеткіш көптеген дамыған елдердің жұмыс істейтін халқының құрылымына сәйкес келеді. Яғни Қазақстан да олардың көрсеткішіне жақындап отыр. «Алайда еліміздің жоғары оқу орындарында сырттай білім беру құрылымының болуы Қазақстандағы жағдайды түбегейлі өзгертеді. Қазіргі кезде Қазақстандық студенттердің жартысына жуығы, яғни 46 пайызы немесе 285 мыңы сырттай бөлімде оқиды. Сонымен қатар олардың ішінде техникалық және кәсіби білім беру базасында оқитындар саны жоғары. Бұл 60 пайызға жуық көрсеткішті құрайды», — деді министр.
Б.Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, техникалық және кәсіби мекемелерінде жастардың жартысы оқып жатыр. «Бірақ та олардың жартысы, яғни 45 пайызы жоғары оқу орындарына ауысып отырады. Нәтижесінде, техникалық және кәсіби білім кадрларының жыл сайынғы толығуы 27 пайызға төмендейді. Атап айтқанда, нашар дайындалған жастардың көбі осыны пайдаланып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай, сондай-ақ білім алуға көп шығынданбай, жеделтілген әрі қысқарған бағдарламамен осылайша жоғары білім алуға тырысады», — деп тоқталып өтті министр. Нәтижесінде жоғары білім алатын кадрлар саны күрт артып отыр, бұл экономика құрылымына сәйкес келмейді. «Осы жағдай мемлекеттік реттеуді қажет етеді», — деді ведомство басшысы.