Елімізде үйқамақ тәртібі қатаңдайды - kaz.caravan.kz
  • $ 496
  • 588.01
+6 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде үйқамақ тәртібі қатаңдайды

Елімізде үйқамақ тәртібі қатаңдайды

Қазақстанда «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы күшейтілді.

  • 16 Ақпан
  • 15
Фото: Жасанды интеллект

Бұл материалда Caravan.kz тілшісі нақты қандай өзгерістер болатынын түсіндіреді. 

Еске салайық, танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен жұбайы Эльмира Төлегенова үйқамаққа алынған еді. Олар заңсыз кәсіпкерлік қызмет және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша күдікке ілінген.

Алдымен әкімшілік іс қозғалып, блогерлерге айыппұл салынған. Алайда олар бұл шешімге сотта шағым түсірді. Сот Жанабыловтардың әрекеттерінде заңсыз кәсіпкерлік қызмет белгілері бар деген қорытындыға келіп, қылмыстық сипатта деп таныды. 

Сондай-ақ желтоқсан айының басында Orda.kz бас редакторы Гүлнара Бажкенова үйқамаққа алынғанын оның адвокаты Мұрат Адам Facebook парақшасында хабарлады. Тергеу судьясының қаулысына сәйкес, үйқамақ мерзімі – екі ай.

Осы жерде үйқамақтың мәні мен жаңа өзгерістерге толығырақ тоқталып өткен дұрыс. 

Үйқамақ деген не?

Үйқамақ – күдіктілер мен айыпталушыларға қолданылатын бұлтартпау шараларының бірі. Ол адамды қоғамнан оқшаулауды білдіреді, бірақ қамауда ұстаусыз, белгілі бір шектеулер қою арқылы жүзеге асады. Шектеулер сот қаулысымен белгіленеді. 

Адвокаттардың айтуынша, қаулыда тұрғын үйден толықтай немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу, белгілі бір адамдармен араласуға шектеу қою, қонақ қабылдауға, телефон арқылы немесе өзге байланыс құралдары арқылы сөйлесуге тыйым салу сияқты талаптар көрсетілуі мүмкін.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары (атап айтқанда, полиция) осы талаптардың сақталуын бақылайды. Олар кез келген уақытта тексеріс жүргізіп, адамның үйінде бар-жоғын анықтай алады.

Бұрын бақылау көбіне электронды білезік тағумен және жоспарлы тексерістермен шектелетін. Мұндай құралдарды қолдану және оларды алып жүру міндеті Қылмыстық-процестік кодексте көзделген және ол сот қаулысында нақты көрсетілуі тиіс.

Адвокаттардың айтуынша, үйқамақты қамауға ауыстыру үшін бір ғана тәртіп бұзушылық жеткілікті.

Осы аптадан бастап тиісті Қағидаларға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бірлескен бұйрыққа Ішкі істер министрі, ҰҚК төрағасы, Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысы және Бас прокурор қол қойды.

Енді бақылау жүйесі қатаң бюрократиялық тәртіпке көшеді:

Жеке бақылау. Күдіктіге қылмыстық қудалау органының нақты бір қызметкері бекітіледі.

Жазбаша міндеттеме. Күдікті қолхат арқылы кураторды кез келген әрекеті туралы хабардар етуге міндеттенеді.

Егжей-тегжейлі есеп. Қағидаларда кезекші бөлімге және кураторға төмендегі жағдайлар туралы міндетті түрде хабарлау қарастырылған:

  • Тұрғын үйден шығу ниеті туралы. Тұрғын үйге бөгде адамдардың келуі туралы (бірге тұратын отбасы мүшелері мен адвокаттан басқа). Бұрын қонақ қабылдау мәселесі нақты регламенттелмеген болса, жаңа Қағидаларда бұл тармақ нақтыланды:

«…белгілі бір адамдармен қарым-қатынас жасау және кім болса да қабылдау туралы».

  • Байланыс құралдарын пайдалану фактісі туралы (телефон арқылы сөйлесу, хат-хабар жіберу).

Маңызды жайт: төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер

Жаңа Қағидаларда «төтенше жағдайлар немесе оқыс оқиғалар» кезінде де тергеу органын хабардар ету міндеті нақты көрсетілген. Яғни денсаулыққа немесе мүлікке қауіп төнген жағдайда (өрт, ауру және т.б.) күдікті тұрғын үйден шығу ниеті туралы алдымен кезекші бөлімге хабарлауы тиіс. Әйтпесе бұл әрекет қашуға әрекет ретінде бағалануы мүмкін.

Құқықтық салдары

Бұйрықта Қылмыстық-процестік кодекстің 153-бабына тікелей сілтеме жасалған. Жазбаша міндеттемедегі кез келген талапты бұзу (мысалы, телефон қоңырауы туралы хабарламау) енді бұлтартпау шарасын қамауға (тергеу изоляторына) өзгертуге заңды негіз бола алады. Сонымен қатар бұзушылықты тіркеу тәртібі жеңілдетілді: қызметкер рапорт жасап, ол іс материалдарына тіркеліп, сотқа жолданады.

Әлемдік тәжірибе

Үйқамақты қолданудың әлемдік тәжірибесі бірнеше модельге бөлінеді. Қазақстандық модель қатаң оқшаулауға қарай бет бұрып отыр.

АҚШ («Мониторинг» моделі)

Негізгі назар GPS-бақылауға аударылады. Күдіктіге көбіне жұмысқа баруға (work release), шіркеуге немесе дәрігерге баруға рұқсат етіледі. Телефон мен интернетке шектеу тек ерекше жағдайларда, яғни қылмыс киберсалаға немесе куәларға қауіп төндіруге байланысты болса ғана қойылады.

Еуропа

Франция мен Ұлыбританияда Curfew тәжірибесі кең таралған. Мысалы, кешкі 19:00-ден таңғы 07:00-ге дейін үйде міндетті болу. Қалған уақытта қозғалыс еркіндігі сақталуы мүмкін. Бақылау электронды білезік арқылы автоматты түрде жүргізіледі, полицияға ауызша есеп беру міндеті жоқ.

Қытай

Ең қатаң нұсқа – RSDL. Үйқамақ сыртқы әлеммен кез келген байланысты жоққа шығарады. Кей жағдайда күдіктіні арнайы пәтерге немесе қонақүйге орналастырып, полиция қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстайды. Тіпті отбасымен байланысқа да шектеу қойылуы мүмкін.

Ресей

Ұқсас шара: «Белгілі бір әрекеттерге тыйым салу». Ол да интернет пен байланыстан толық оқшаулауды қарастырады. Алайда Қазақстандағы жаңа Қағидалардағыдай әрбір тұрмыстық әрекет туралы тергеушіні міндетті түрде хабардар ету талабы әрдайым бола бермейді.

Жаңа редакциядағы қазақстандық үйқамақ қағидалары, шын мәнінде, үйде отырып-ақ мобильді байланыс арқылы «істерін жүргізіп» отырған күдіктілерге мүмкіндік беретін олқылықты жояды. Енді рұқсат етілмеген смартфон қоңырауы қашуға бағытталған әрекет ретінде қарастырылуы мүмкін.