Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Мойындаңызшы? Жоқтауды қашан естідіңіз? Жо-жоқ, зарлауды емес. Қайғыны осылай өлеңмен өргенді, қашан көрдіңіз? Есіңізде жоқ. Қалаға келгелі, жоқтауың не, бұ қазақ көңіл айту, көңілқос, көңілшәй дейтін дәстүрдің «рецептерін» жоғалтып алды емес пе…
СЕРІК ЕРҒАЛИ – ЭТНОГРАФ:
«Дәстүрді қала өмірі жұтып қояды. Дәстүр фарсқа айналады. Дәстүр белгілі бір шоудың бір атрибутикасына айналады».
Дәстүр фарсқа айналды дегені рас. Қазіргі келіндер, жоқтау айта алмайды. Айт десең қойшы,-деп ұялғандарын да көрдік. Әйелді қойшы, ер азаматтар да ұяламыз. Қазалы үйге, бауыырыыымдап, жоқтап баруға қысылып, үлкен адамдар келсін, деп… талайымыз көше басында тығылып, тұрдық қой?! Өз дәстүрімізден өзіміз ұялатын боп алғанбыз. Себебі, салтымыз шынайы емес. Скеч сияқты көреміз… Скеч дегеннен шығады. Соңғы уақытта, азалы отбасына жалданып жоқтау айтуды кәсіпке айналдырғандар шығып жатыр… Асаба тойды қойып, өлімге де келіпті ғой.
ҰЛАРБЕК НҰРҒАЛЫМ ЖАЗУШЫ, ЭТНОГРАФ:
«Ел сыйлаған азаматтарымыз өліп жатыр. Соның бәрі жоқтаусыз көміп жатырмыз. Жоқтауды жаңғыртайық дегенде, аралап жоқтау айтатын кемпірлер шығыпты. Оларды анау жерге де апарады екен, мынау жерге де апарады екен»
Жоқтаудың сөзін жазып бергендер болған шығар? Бірақ, біреу үшін, қайдағы біреудің жоқтап бергені болмаған… Абсурд бұл. Сосын қазаның қайғысын басынан өткермеген, туғаны өліп, шын жүрегі ауырмаған қаймана біреудің жоқтап отыру бір әртістің қойылым секілді, жасанды. Еш әсері жоқ, ондайдың…
ҒАЗИЗ АХМЕТ ХӘЗІРЕТ СҰЛТАН МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:
«Пайғамбарымыздың кезінде, жалданып жоқтау айтатын әйелдер болған. Арнайы жалданады, келіп айтып береді. Сондайларды көргенде, пайғамбарымыз: Мыналар бізден емес деп айтқан. Демек тиым салынғандығы»
Басқасы басқа топырағы суымаған өлімді, қай қазақтан көрдік, өнер қойылымына айналдырып жібергенін?! Бұл дұрыс емес! А, айтпақшы. Ақылы жоқтаушыларды іздедік қой. Кім ол, қаншаға шығады деп. Не болды дейсіз ғой?!
«Қайтқан үйге жалданып жоқтау айтатын естіп жүрміз. Өз басым көрген жоқпын»
« Ақылы жоқтау пайда болды,-деген сөздерді естіп жүрміз… бірақ өз басым бірде бір жерден ақылы жоқтау айтып жүргенді көрген жоқпын».
Жалданып жылау, жоқтау деген өтірік. Түрлі сайт-сайтанның сапалағы екен. Бірақ, жоқтаудың жоғалып бара жатқаны хақ. Жоқтаудың не керегі бар,-дейтіндерге айтар уәж бар… Дұрыс қой. Өлімге сабыр қылу керек. Салқынқандылық жақсы, әрине… Бірақ оның да "бірағы" бар… Ауыр эмоцияны сыртқа шығармаса, күйік-қайғы ішке түсіп кетеді де, адамды кеселге душар етеді… Соңғы уақытта, өлімнен кейін өлімнің көбейіп кеткені де, сол.
ҰЛАРБЕК НҰРҒАЛЫМҰЛЫ ЖАЗУШЫ, ЭТНОГРАФ
«Өзін үңги береді, үңги береді. Жас шықпай қалады. Шемен, шер боп қатады. Ол ауру ақыры адамның өзін алып қояды».
Қайғыңды сыртқа шығармасаң, іштей тынып, жинай берсең ол шемен, шер боп қатады. Ол ақыры адамның өзін алып қояды. Қаралы үйдің әйелдеріжоқтауайтып, ерлері дауыс салып қайғырған қазақ бірдеңе білген-ау, дейсің осындайда… Айтпақшы. Жоқтау тек қайғыңды ішке түсіп кетпесін деп, жылау арқылы сыртқа шығару ғана емес. Жоқтау кімнен айырылып отырғаныңды, бұ жұрт қандай тұлғасын жоғалтқанын естірту, хабарлаудың түрі.
СЕРІК ЕРҒАЛИ ЭТНОГРАФ
«Мұндағы мәні жоқтаудың сол қаза болған адамның қадірін ұқтыру, құнын көтеру. Сосын өлім мен өмірдің мәнін ашу. Қазалы үйге кіріп шыққанда, сен өмірдің мәнін түсінесің. Уағыз»
Былайша айтқанда, жоқтау дегенің сырттан келе жатқан кісілерге қай үйде қаза болғаны, кімнің қайтыс болғанын, қай жастағы адамның қайтыс болғанын, қандай жағдайда өткенін білдірудің әдемі, әдепті жолы екен ғой.
ҰЛАРБЕК НҰРҒАЛЫМ ЖАЗУШЫ, ЭТНОГРАФ
«Жоқтаудан да басқа жоқтайтын нәрселеріміз бар, қызық болғанда».
Жоқтауға тиіс дәстүр тым көп екен ғой, бізде. Ең әуелгісі, естіртуді алайықшы. Жалғыз ұлынан айырылғанға, алтын тауып алдыңыз. Бір-уақ пайдаландыңыз, енді шын иесі келсе, не істейсіз,-деп ақиқатқа көндіріп барып, қазаны естіртетін қазақ, қазір ол өлді,-деп дүңк еткізеді. Тыңдаушы рөлде келе жатыр ма? Жалғыз өзі ме, қарамаймыз…
Сосын, бұрынғы қазақ, өлім болса, күллі көрші-қолаң қазалы үйде жүретін, көңілін аулайтын. Ал қазір, көрісіп бола сала, қашамыз. Қазалы үй жалғыз қалады… Ой-мұңмен мүжіліп жалғыз қалады. Жә… Ылдым-жылдым көңіл айтқанына да шүкір, бұ жұрттың. Бұл күнде небір көңілжақын, қайғыңа ортақтасуы тиіс деген адамдарымыз қарға адым жерде тұрып бет көруге, жүзбе жүз көңіл айтуға жарамайтын боп алды емес пе?
ҰЛАРБЕК НҰРҒАЛЫМ ЖАЗУШЫ, ЭТНОГРАФ:
«Қайғы шынымен бөліссең азаяды. Қайғы. Шынымен ел келіп, жоқтау айтып, көңіл айтуы деген есіңде тұрады. Бір жақының өмірден өткенде, келмей қалған бір жақының өмір бойы есіңде тұрады. Тойыңа келмей қалғаны ұмытылып кетеді. Бірақ қазаға келмей қалғаны, ұмытылмайды. Өйткені сені басып тұрған қайғының бір шетін көтеретін, әркімнің орны бар. Сол кезде келіп көтереді»
Дәл уақытында (мүмкіндігі бола тұра) қасыңнан табылмаған соң жақының не, жатың не, бәрібір емес пе енді? Ең қиыны да сол ғой. Ауыр қайғыға ішің өртеніп аңырап қоя бергеніңде жамырап келіп көңіліңді аулар ешкім жоқ, бүгінде? Өлім артынан өлімнің көбейіп кетуі де, осы дәстүрден бас тартқанның салдары да шығар, бәлкім?!