Елімізде жүргізушілер ескі көлігінен жаппай құтылып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде жүргізушілер ескі көлігінен жаппай құтылып жатыр

Елімізде жүргізушілер ескі көлігінен жаппай құтылып жатыр

Елімізде ескі көліктерді утилизациялау қарқынды жүріп жатыр. Екі апта бұрын басталған жобаға 900-ден астам өтініш түсіп, ескі-құсқы машинаны өткізген азаматтарға 40 миллион  теңге берілген.

  • 7 Желтоқсан 2016
  • 1278
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Жылдар бойы базар аралап ескі көлігін мардымсыз ақшаға сатуға қимағандар утилизациялауға қуана келіскен екен. Бірақ олардың басым 30-40 жыл бұрын шығып, әбден ескіріп жүруге жарамсыз болып қалғандар. Ал одан беріректе шыққан шетелдік көліктердің иелері қазірше 150 мың теңгені аздық етуде.

Оталып, өз күшімен жүргенін айдап, жүрмегенін сүйреп немесе итеріп арнайы орынға әкеліп жатқан көліктердің барлығы утилизациялауға өткізілмек. Жұрт жылдар бойы ауласында тұрған ескі машиналарын осылай кәдіге жаратуда. Республика бойынша, 16 күн ішінде қабылданған ең ескі көлік 1948 жылы шығарылған «Москвич». Одан бөлек көптеп өткізілген машиналар қатарын «ВАЗ», «ГАЗ» және «ИЖ»-дар толықтырған.

– Бұндай ескі машинаны қазір ешкім алмайды ғой. Бірақ жүріп тұрған көлік. Есігі дұрыс жабылмайды, тағысы-тағы басқа дегендей. Содан кейін экология жағынан жүргізбейді,полицейлер. Амал жоқ болғаннан кейін утилизацияға келіп отырмыз. Жоқ дегенде, 150 мың теңге алсақ та, дейді Жандос Сұраншиев.

Мұндай көліктерді қабылдау екі санат бойынша жүзеге асырылуда. 150 мың теңге алу үшін көліктің қозғалтқышы, есіктері, шанақ, капот, жүксалғыш қақпағы, радиатор мен аккумулятор және 4 дөңгелегі түгел болса жеткілікті. Ал онысы жоқтары 48 мың теңгеге ғана бағаланады. Сондай-ақ утилизациялауға апатты автомобильдер де қабылданады. Ал мүгедектер мен зейнеткерлерге мобильді топ үйіне барып, құжат рәсімдеуге көмектесуге әзір.

–Көліктерді өткізу үшін автокөлікті  тіркеуден шығару керек. Екіншісі банктен есепшот ашу керек. Сол екі қағаз бен жеке куәлігімен мобильді пунктқа келу қажет, дейді «Оператор РОП» ЖШС менеджері Бексейіт Боранбаев.


Утилизациялау еліміздегі автопаркті жаңарту мақсатында қолға алынған. Себебі, 3 млн көліктің зауыттан шыққанына 10 жылдан асса, 1,5 милионы мүлдем мінуге жарамсыз. Осылайша, небәрі екі апта ішінде ел бойынша 900-ден астам көлік қабылданып, жүргізушілердің есеп-шотына шамамен 40 млн теңге аударылған. Мобильді топтар енді Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы ауылдарды аралап шықпақ.

Жұмыс осындай қарқынмен жалғасса утилизация бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін 10 мың жеңіл көлікті қабылдау жоспарланып отыр. 2017 жылдан бастап автобустар мен жүк көліктерін де өткізуге мүмкіндік болады. Ал тұрғындар  тозығы жеткен темір тұлпарларын өткізу арқылы су жаңа отандық автомобильді сатып алуға 315 мың теңгелік жеңілдікке қол жеткізе алады.