Бұл туралы мәжілісте Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп жазады 24.kz.
Бүгін «әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының бірінші оқылымы болды. Министрдің айтуынша, лаңкестік қатерден азаматтық авиацияны қорғау үшін тексеру жүргізуді заңнамалық түрде бекіту қажет болған жағдайда қызметтік эксперименттер жүргізу қажет. Заң жобасы қабылданса, онда Азаматтық авиация комитетінің құзіреті кеңейеді.
— Елбасының Ұлт жоспарын жүзеге асыру жөніндегі 68-ші қадамын іске асыруды бастау мақсатында Еуроодақтың заңнамалық тәжірибесі ескерілді. Заң жобасы 7 заңнамалық актісіне үш кодекс және төрт заңға түзету енгізуді көздейді. Ұсынылған өзгертулер теріс салдарға әкелмейді, дейді ҚР инвестициялар және даму министрі.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, заң жобасы шағын авиацияны дамытуға да жол ашады. Мәселен, жеңіл моторлы ұшақты пайдаланушылар аэро-навигациялық қызмет көрсетуге алым төлеуден босатылады. Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттарын тіркеу басталады. Артынша сертификат алуы тиіс. Қазір министрлік, осы мәселе бойынша нормативтік құжаттар әзірлеп жатыр.