Еліміздегі ең биік аққала Орал қаласында тұрғызылды. Әсем безендірілген жаңа жылдық шыршалар қала тұрғындарының көңілін көтерсе, сакура гүлдеп тұрған гүлзарлар жастардың сүйікті орнына айналған. Бұл туралы 24.кз хабарлады.
Әсемдігімен көз тартатын ерешке мүсінді жергілікті кәсіпкерлер тұрғызған. Алып аққаланың биіктігі 15, ал диаметрі 9 метр. Күндізгі келбеті өз алдына, түнгі мезгілдегі көрінісі тіптен бөлек. Жаңа жыл қарсаңында қаланың бірнеше жерінде жаңа жылдық шыршалар қойылды. Ерекше көңіл-күйдегі қала тұрғындарының айтар тілегі де ортақ.
Шаһар шырайын аша түсуге бағытталған жұмыстар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асты. Бұл мақсатқа бюджеттен бір тиын да жұмсалмаған.
— Биылға жылдағыдан бір өзгеше енген жаңалық мына бизнес өкілдері, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы аясына көптеген қаланы безендіруге көмек жасады. Мына сакураның макеттері бар соны бизнес өкілдері 60 терек қалаға сыйға тартты, дейді қаланы безендіруге жауапты кәсіпорын директоры Нұр Төлеуғалиев.
Қала аумағында 8 шаңғы базасы жұмыс істейді. Мектеп жасындағы балалардың сабақтан тыс уақытында спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай бар. Көшелерге көрік берген жарық шамдары өз алдына, гүлзарлар мен алаңдарда сакура ағаштары «гүлдеп» тұр.
— 2016 жылы үлкен оқиғалар өтті. Оның бірі егемендік алғанымызға 25 жыл болды. Үлкен той. Үлкен жетістіктерге жеттік. Біздің оралдықтар, Батыс Қазақстан да шетте қалған жоқ. Өз үлесін қосып жатыр. Қазір мына алаңда қарап тұрсақ жақсы безендірілген. Кеше жастардың мәдениет үйі ашылды, спорт клубтары ашылып жатыр, түрлі тұрғын үйлер ашылып жатыр. Соның бәрі біздің жағдайымыздың жақсарғанын көрсетеді, дейді қала тұрғыны Мереке Ахметов.
Қалада қысқы спорт түрлері бойынша түрлі сайыстар жиі өткізіліп тұрады. Өйткені, жер жерде балалар мен ересектер үшін жасанды мұз айдындары жасақталған. Қыс бойы балалардың хоккей ойнап, мәнерлеп сырғанауы үшін 25 мұз айдыны жұмыс істеп тұр. Соның бесеуі кәсіпкерлердің күшімен ашылды.