Caravan.kz медиа-порталы Тоқтар Төлешов пен Қайрат Жамалиевтің сүйіктілерінің немен атағы шыққанын еске салуды жөн көрді.
Дина Нұралиева
Тоқтар Төлешов атышулы іске шатылмай тұрған кезінде, яғни 2005 жылы Дина Нұралиева «Қазақстан аруы» атағын жеңіп алуымен танылды. Ал 2009 жылы ол «Әлем аруы» байқауының финалына шықты.
Дина Нұралиева Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институтын (КИМЭП) «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. Модель бизнесімен айналысады. Оның East Models агенттігі Шымкентте сұлулық байқауын ұйымдастырып жүр. БАҚ материалдарына сүйенсек, Нұралиева 2015 жылы тұрмыста болған. Және оның қызы бар екені айтылды.
Алайда хас сұлу нағыз танымалдыққа «сыра королі» ұсталғаннан кейін ие болды. Сол кезде ғана оның Тоқтар Толешовтің төртінші әйелі екені жария етілді.
Өткен жазда Нұралиеваның «Дархан Group» ЖШС бас директорының сыртқы экономикалық істер жөніндегі орынбасары болып, айына 2 282 000 теңге алып келгенін көрсететін құжат ғаламторда тарады.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Нұралиеваның карталық шотындағы ақша алынып тасталған. Сондай-ақ, Төлешовті соттаған судья алқа, әдемі түйреуіш, жүзік, білезік сияқты 183 әшекей бұйым тәркіленгенін айтты.
Осы айдың басында, Тоқтар Төлешовке қатысты үкім шығар алдында Дина Нұралиева ұл босанды.
Айнұр Исина
Әліби Жұмағұловқа қатысты атышулы іске дейін кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің азаматтық некедегі әйелі шағын ортада ғана танымал еді.
Айнұр Исина 2008 жылы «Астана аруы» атағын жеңіп алды. Бұл байқау қатысушыларымен емес, марапаттау рәсімінде болған ыңғайсыздау жағдаймен есте қалған еді. Шараны жүргізушілер жеңімпазды шатастырып алып,тәж алдымен Айнұрға емес, вице-ару Алтынай Меймановаға кигізілді.
Исина сол жылы Қазақстанның бірінші вице-аруы атанды.
Ақпарат құралдарындағы мәлімет бойынша, бұл келіншек Астанадағы Еуразия университетінде қаржыгер мамандығын оқыған. Айнұр өзінің бір сұхбатында жоғары экономикалық білім алып, магистратураны қызыл дипломмен тәмамдағанын айтқан еді.
Исина Қайрат Жамалиевпен ресми некеге тұрмаған. Кәсіпкердің Алена есімді әйелі бар. Күйеуге шыққанына 16 жыл болған Алена Жамалиева төрт қыз тәрбиелеп отыр.
Бірақ Айнұр тоқал болуды қораш санамайтын сияқты. Ол өзінің сұхбатында кәсіпкерді қорғап сөйледі әрі одан ұл тапқанын айтты.