Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кітапханашы Ұлбибі Бердіқұлқызы Орталық кітапхана басқа ғимаратта бұрыннан жұмыс істегенін айтты. Бірақ жаңа ғимаратқа көшкен соң келушілер саны күрт өскен.

Кітапханамызды Қазақстанда еуропалық стильде ашылған кітапханалардың бастамасы деп айтады. Қазір Қосшы қаласының жүрегіне айналып жатыр. Келушілер өте көп. Ашылғаннан бері бір айдың өзінде 1544 оқырман тіркедік. Олар тек Қосшы, Астана қаласынан емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Олардың барлығы кірген бойда тіркеледі, — деді кітапханашы.

Оның айтуынша, кітапханада жалпы саны 25 мыңға жуық оқырман бар.
Біздің кітап қорымыз 20 мыңға жуық. Соның ішінде 6 мыңға жуығы – балалар әдебиеті. Кітаптарымыз 3 тілде. Тек Қосшы қаласының тұрғындарына кітапты 15 күнге бере аламыз. Қалалықтар өте жиі келеді. Кітаптарын 15 күнге жеткізбей оқып, келесі кітапты алып жатады, — деді Ұлбибі Бердіқұлқызы.
2025 жылдан Қосшы қаласының Орталық кітапханасында жылжымалы кітапхана жұмыс істей бастады.

Бұл жерге келе алмайтын қызметкерлерге, яғни Қосшы қаласының балабақша мен емханаларына барып, қызметкерлерді кітап қорымен таныстырып, олардың ұнатқан шығармаларын апарып беріп отырамыз. 15 күн сайын кітап алмасып отырамыз. Қазір 2 балабақша, 1 емханамен жұмыс істеп жатырмыз, — деді кітапханашы.

Біз кітапхана қызметкерінен оқырман арасында негізінен қандай кітаптарға сұраныс көп екенін сұрадық. Ол орыс және қазақ тілдеріндегі психологиялық кітаптарға сұраныс көп екенін жеткізді.
Ұлбибі Бердіқұлқызы кітапханада “Жан азығы” деп аталатын әдеби клуб жұмыс істейтінін де айтты.

Кітапханамызда “Жан азығы” атты әдеби клубымыз бар. Ол жерде келушілермен аптаның бір күнін таңдап бірге кітап талдаймыз. Қазір менің клубымда 50-ден аса оқырман бар. Олардың көбі жұмыс істейді. Уақытты тиімді пайдалану үшін көбіне сенбі күні жиналамыз. Мұхтар Мағауинның “Бір атаның балалары” шығармасынан бастадық. Соңғы талдағанымыз Сәбит Мұқановтың “Балуан Шолақ” шығармасы, — деді ол.

Кітапханада қосшылықтар үшін кітап авторлармен кездесулер де ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, айдың басында “Қаныш және ғылыми майдан” кітабының авторы Санжар Керімбаймен кездесу өткен.
Айта кетейік, кітапхана есігі барлық келушілерге ашық, онда оқырман үшін оқу залы қарастырылған. Жұмыс уақыты дүйсенбі-жұма күндері 09:00-ден 20:00-ге дейін болса, сенбіде 09:00-ден 18:00-ге дейін. Жексенбі – демалыс.