Еліміздегі кедендік бекеттердің тең жартысынан астамы талапқа сай келмейді - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еліміздегі кедендік бекеттердің тең жартысынан астамы талапқа сай келмейді

Еліміздегі кедендік бекеттердің тең жартысынан астамы талапқа сай келмейді

Еліміздегі бар-жоғы 161 кедендік бекеттің небәрі 48 проценті ғана талапқа сай. Бұл туралы ҚР кедендік бақылау агенттігінің төрағасы Бердібек Сапарбаев Семей өңірі кеденшілерімен жұмыс бабындағы кездесу барысында мәлімдеді.

  • 19 Желтоқсан 2003
  • 471
Фото - Caravan.kz

Еліміздегі кедендік бекеттердің басым көпшілігінің материалдық-техникалық базасы нормаға мүлдем сәйкеспейді, кейбір бекеттерде тіпті қарапайым таразы мен жарық та жоқ деді Б.Сапарбаев. Сондай-ақ, оның айтуынша, алдағы жылы кедендік бекеттерді жабдықтау жұмысымен қатар қосымша 5 бірдей кедендік біртұтас бақылау-өткізу бөлімшелері құрылады. Олардың бірі Қазақстан-Ресей шекарасындағы Ауыл станциясында ашылады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 220 млн. теңге бөлінді.

Кеден саласындағы бұдан басқа да проблемалардың қатарында Б.Сапарбаев кеден құрылымына арнап маман іріктеуді де атады. «Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген барлық түлектер бірдей кеден мекемелеріне жұмысқа қабылдана алады деп айта алмаймын. Өйткені, қазіргі жағдаймен елімізде жылына 4500 кеденші дайындалады, ал жылдық сұраныс 200-300 адам ғана. Сол себепті біз тек теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге тәжірибелілік тұрғысынан да жан-жақты дайындалған кәсіпқой мамандарды мұқият іріктеп алуға тиіспіз»,- деді агенттік төрағасы.
Б.Сапарбаев 2004-жылы кеден қызметкерлерінің әлеуметтік проблемасына да баса назар аударылатынын хабарлады. Атап айтсақ, Астанада таяу уақыттарда 100 отбасына арналған жатақхана салынады.
Аймақ кеденшілерімен кездесуде агенттік төрағасы Қазақстан кеден қызметінің үстіміздегі жылдың 11 айындағы жұмыс қорытындысымен де таныстырды. Мәселен, оның айтуынша, осы мерзімде отандық кеденшілер 184 млрд. теңге көлемінде кедендік төлем жинады. Ал меже — 172 млрд. теңге болатын. «Жыл соңына дейін біз кедендік төлемдер мөлшерін 195 млрд. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл 2002-жылғы көрсеткіштен 40 млрд. теңгеге немесе 30 процентке артық»,- деді Б.Сапарбаев.
Ол сондай-ақ, қазіргі жағдаймен елімізде 184 кинолог маман жұмыс істейтінін хабарлады. 2003-жылдың 11 айында иісшіл иттердің көмегімен 3 тонна 800 кило есірткі заттары мен 400 кило героин табылып тәркіленді.
Кездесу барысында кедендік қызмет өкілдері Агенттік төрағасына бірқатар ұсыныстармен шықты. Атап айтсақ, экспорттық өнімдерден алынатын кедендік алымдар мөлшерін арттыру мәселесін қарау ұсынылды. Болашақ кеденшілерді дайындау сапасын арттыру үшін ҚР кедендік бақылау агенттігінің төрағасы атындағы шәкіртақы тағайындау, түрлі олимпиадалар өткізу, жеңімпаздарды кедендік мекемелерге жұмысқа алу мүмкіндігін тудыру жайында ұсыныстар жасалды.

Соңғы жаңалықтар