Жол полициясының мәліметіне сәйкес 2005-жылдың 6 айында халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда жалпы жол апаттарының 15,1 проценті болды немесе барлығы 877 апат тіркелді. Көлік апаттарынан 395 адам қаза тауып, 1347 адам мертікті. Ал 2004-жылдың тиісті мерзімінде қаза тапқандар саны 5,6 процентке, жараланғандар саны 3,5 процентке кем болған.
«Елімізде жаңадан жолдар салынып, ескілері жаңаланып жатқанымен олардың көрсеткіштері қазіргі қозғалыс қарқынының деңгейіне сәйкеспейді»,- деді Ө.Түсімов. Халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардағы апаттардың залал-зардабы үлкен, «мұнда зардап шеккен әрбір 100 адамның үлесіне қаза тапқан 23 адамнан келеді». «Бұл жалпы жол апаттары көрсеткішінен 1,6 есе жоғары және қаладағы жол апаттары зардаптарының ауыртпалығынан 2,5 есе жоғары»,- деді жол полициясының басшысы.
Ө.Түсімовтың айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдарда апат шығу қаупі жоғары 1949 жер бар. 2005-жылдың алғашқы жартысында осындай учаскелердің 237-сі немесе 12,2 проценті жөнделді.
Жол полициясы әсіресе жөндеуден өткен жолдарда апаттардың көп шығуына алаңдаушылық білдіреді. Атап айтсақ, Алматы-Астана-Бурабай тас жолының әрбір 100 шақырымында 7,4 апат шығады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,8 есе артық. Жол полициясының пікірінше, жол апаттарының көбею себептерінің бірі жол параметрлерінің көлік тасқынының жылдамдығына сәйкес келмеуі болмақ. Айталық, жаңаланған жол учаскелерінде жеңіл автокөліктер сағатына 160-180 шақырым жылдамдықпен зулайды, ал жолдардың дөңгелену радиусы сағатына 80-100 шақырымға есептелген.
Апаттардың алдын алу бағытында жол полициясы тарапынан алынып жатқан шаралар жеткіліксіз, деді мекеме басшысы. Оның айтуынша, жол полициясының тұрақты жұмыс істейтін бекеттерімен қоса жылжымалы экипаждардың жұмыс істеп жатқанына қарамастан, апаттардың санын азайту мүмкін болмай отыр. Осыған байланысты жол полициясы департаменті үкіметке республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс тәртібін бұзушыларды бейнежазбаға түсіріп алу желісін орнату туралы ұсыныспен шықты. Ө.Түсімовтың айтуынша, Еуропа елдерінде, республиканың бірқатар қалаларында және Алматыда қолданылатын бұл тәсіл өзінің оңтайлылығын көрсетті.
2005-жылдың 7 айында Қазақстанда 7284 жол апаты тіркелді. Соның салдарынан 1558 адам қаза тауып, 8863 адам жараланды. 2004-жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда жол апаттарының саны 7,8 процентке, ал жараланғандар саны 9,1 процентке кеміді. Алайда апаттан мерт болғандар саны 5,9 процентке өсті. Әрбір бесінші жол апаты жолдардағы ахуалдың нашарлығына байланысты шыққан.