Қ.Мәмидің айтуынша, 2004-жылы сот академиясы мен оның базасында құрылған магистратурада 394 судья мен сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің 144 қызметкері қайтадан оқытылып шықты. «Біз алдағы уақытта да академияның мәртебесін көтеріп, оны кәсіби судьяларды әзірлейтін білім ордасына айналдырмақ ниеттеміз»,- деді ол. «Маман дайындау мәселесі сот жүйесінің назар төріндегі мәселе ретінде қала береді»,- деді Қ.Мәми.
Оның айтуынша, тәртіптік жауапкершілікке тартылған судьялар саны азая түсті. Егер 2003-жылы кері себептерге байланысты 25 судья жұмыстан шығарылса, 2004-жылы ондайлардың саны 11 болды. Пара алды деген күдікпен былтыр үш судья құрықталды.
Осындай оңды өзгерістерге қарамастан, Қ.Мәмидің айтуынша, «қалалық және аудандық деңгейде бірқатар көрсеткіштер бойынша әділеттілікті орнықтыру деңгейі мен сапасы әлі де заң талаптарына сай келмей отыр». «Әсіресе, азаматтық істер бойынша Астана қаласы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы аудандық соттардың жұмысы алаңдаушылық туғызып отыр»,- деді ол. Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ, әскери соттарда қылмыстық істерді қарау барысында кемшіліктер байқалуда. «Былтыр Астанада азаматтық істер жөніндегі коллегия біршама күшейтілді. Соған қарамастан, Елордасының аудандық соттары шығарған шешімдердің басым бөлігі қазірдің өзінде көп жағдайда күшін жойып жатады»,- деді Жоғарғы сот төрағасы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, «облыстық соттардың апелляциялық және қадағалаушы инстанциялары да өз жұмыс үрдісін біртіндеп өзгерте бастады». «Тек былтырдың өзінде ҚР Жоғарғы соты облыстық соттардың қадағалаушы инстанцияларының 200-дей қаулысының күшін жойды»,- деді Қ.Мәми.