Еліміздегі техника және өрт сөндіру станцияларының тапшылығығын утиль алым жаба алады ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 516.01
  • 582.47
+16 °C
Алматы
2025 Жыл
9 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еліміздегі техника және өрт сөндіру станцияларының тапшылығығын утиль алым жаба алады ма?

Еліміздегі техника және өрт сөндіру станцияларының тапшылығығын утиль алым жаба алады ма?

Еліміздегі орман шаруашылықтарында жағдай оңып тұрған жоқ.

  • 16 Сәуiр
  • 5
Фото: gov.kz

Елімізде өрт сөндіру станциялары тапшы. Қауіпсіздікті аспан арқылы күзетуге бөлінген қаражат жетпей жатыр. Дрондар алуға да қаржы қарастырылмаған. Орман қорғау мекемелерін республикалық бюджеттен қаржыландыру биыл 5,6 млрд теңгеге қысқарыпты. Қоры мен қолы қысқарған Экология министрі Нысанбаев бүгін Үкімет басшысынан көмек сұрады. Техника тапшылығын утиль алым есебінен жапсақ деген жоспары да бар, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жыл басынан елімізде 32 орман өрті тіркелген. Соған қарамастан тілсіз жауға салғырттық танытып отырған өңірлер жетерлік. Министрліктің мәліметінше, өрт маусымына елдің жартысы дайын емес. Оның ішінде 8 аймақта жағдай күрделі. Өрт сөндіру станцияларын жаңартуға ақша жоқ.

Аталмыш мәселелерді шешуді утиль алым есебінен қарастырып көрмекші. Ол үшін лизинг арқылы 35 млрд бөлінеді. Оның 15 млрд-ы министрлікке, қалғаны аймақтарға үйлестіріледі. Алғаш бөлінген 3,7 млрд-қа 136 шағын орман патруль кешені және 60 трактор алынған. Одан бөлек қажетті жабдықтарды сатып алу үшін жергілікті бюджеттер 6,3 млрд бөліп отыр. Бұл қаржы 11 өңірдің орман шаруашылықтарының техникасын жаңартып, 100 пайыз жарақтандыруға жетеді.

Шешілмеген мәселелер аясында кей өңірлер өрт туралы ақпаратты жасырып әлек. Бұл туралы Үкімет басшысы айтты.

«Абай облысында орман шаруашылығы қызметкерлері ТЖ және министрлікке өрт шыққаны туралы дер кезінде ақпарат бермеген. Павлодар облысында да дәл осындай жағдай орын алды», — деді Олжас Бектенов.

Өртті жасырғандар енді опық жейді. Үкімет басшысы тиісті органға кінәлілерді жазалауды тапсырды. Отпен ойнауға болмайтынын министр Ерлан Нысанбаев та ескертті. Себебі биыл жаз әдеттегіден ыстық болып, ыстық қауіп күшейеді деген болжам бар.

Онымен қоса биыл 5,6 млн гектар жерге орман өрттерін ерте анықтау жүйесі орнатылмақ. Министрлік өрт қауіпсіздігіне спутниктен мониторинг жүргізетін жүйені жетілдіреміз деп уәде етті. Сынақтан өткізіп жатқан жұмыстары да бар. Экология министрі жыл соңына дейін аймақтарға 26 млрд теңгеге 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман патрульдік кешенін, 247 трактор сатып алып береміз деп уәде етті.