Ж.Марабаевтың айтуынша, алдағы уақытта «»ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ байқауда жеңімпаз атанған компаниямен келісім-шартқа қол қояды. Тендер шартына сәйкес, жеңімпаз компания үш айдың ішінде кешеннің техника-экономикалық негіздемесін алдын-ала әзірлеп шығуы тиіс. «Бұл құжат мұнай кешенін құру жөніндегі стратегиялық әріптес-компанияны айқындау үшін қажет»,- деді Ж.Марабаев.
«Алдын-ала техника-экономикалық негіздеме жасаудағы міндет — осындай негіздемелердің түрлі нұсқаларын қарай отырып оларды сұрыптау, ең тиімді үлгіні іріктеп, алдағы сатылар үшін нұсқаулар дайындау, жобаның тіршілік қабілеті мен оны жүзеге асыруға нақты әсер ететін шешуші позицияларды анықтау болып табылады. Кешеннің техника-экономикалық негіздемесін алдын-ала әзірлеу сатысынан кейін ұсынылған үлгілерге сәйкес егжей-тегжейлі техника-экономикалық негіздеме жасалады»,- деді «»ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ-ның бас директоры.
Аталмыш жоспарларды жүзеге асыру аясында арнаулы экономикалық аймақ режимін енгізе отырып, кәсіпорындардың негізінде техносаябақтар құру көзделіп отыр. Ж.Марабаевтың айтуынша, мұнайхимиялық кластер құру жобасы ұлығаусар қаржыны талап етеді. Бұл жобаға шамамен 1 млрд. доллар жұмсалады деп күтілуде.
Ж.Марабаевтың айтуынша, бұл тендерге Kellog Brown&Root (АҚШ), Toyo Engineering Corporation (Жапония), Chemieanlagenbau Chemnitz GmbH (Германия), Mitsui&Co (Жапония), Foster Wheeler International Corporation (Ұлыбритания), Shell Global Solutions (Нидерланды), Мarubeni Corporation (Жапония), ABB Lummus Global (Нидерланды) тәрізді әлемге танымал компаниялар қатысты.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «»ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ 2004-жылдың аяғында Атыраудағы «Полипропилен» және Ақтаудағы пластмасса өндіретін зауыттардың мүліктік кешенін иелікке алған «АТОЛЛ» АҚ акцияларының 50 проценттік үлесін сатып алумен бірге Атырау мұнай өңдеу зауыты акцияларының 86,7 процентін басқаруға алды. Бұл кәсіпорындардың негізінде мұнайхимиялық техносаябақтар құру көзделген.