Тек соңғы күндері Семейдегі жедел жәрдем ауруханасының жарақат бөліміне үсікке шалдыққан 15 адам түсті. Комбустиолог-дәрігер Ерлан Базарбековтың айтуынша, үсікке байланысты ауруханаға жатқызылған науқастардың бәрі де үй-күйі жоқ қаңғыбастар. Жыл басынан бері ауруханаға осындай диагнозбен барлығы 30-дан астам түсті. Он науқастың тілерсегі, өкшесі мен қолының саусақтарын кесуге тура келді, деді Е.Базарбеков.
23-қаңтардан бері қалада ауаның температурасы күндіз 32-38, түнде 40-43 градус аяздан түспей тұр.
Қостанайда да аяздан зардап шеккендер саны арта түсті. Қостанай қалалық ауруханасының жарақат бөлімінің меңгерушісі Марал Әбілқасымовтың KZ-today тілшісіне хабарлауынша, 2005-жылдың қаңтар айында аяз салдарынан үсікке шалдыққан науқастар саны 2004-жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 10 есе артты. Қазір бөлімшеде 27 науқас түрлі деңгейдегі үсікпен емделіп жатыр. Тек соңғы бір түнде зардап шеккен төрт адам ауруханаға түсті. Қыстың басынан бері ауруханада «ағзаны жаппай үсік шалу» деген диагнозбен бес адам көз жұмды. Олардың барлығы да қаңғыбастар.
«Қазгидромет» РМК-ның Қостанайлық филиалының мәліметі бойынша 25-қаңтарда Қостанайда сынап бағанасы 30 градус аязды көрсетті. Ауа райын болжаушылардың айтуына қарағанда, 30-35 градустық аяз осы аптаның аяғына дейін сақталады.