Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, үкіметтің 2003 жылғы қаулысына сәйкес, шағын қалаларды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған болатын. Онда облыстық бюджетке мақсатты трансферттер түрі бойынша республикалық бюджеттен 900 млн. теңге бөлу көзделген, соның ішінде 750 млн. теңгені «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жарғылық капиталын толықтыру негізінде экономикасы дағдарысқа ұшыраған қалаларға бөлу қарастырылған. Бұл қаржы шағын қалалардағы экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін жұмсалмақ.
«Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басшылығының ақпараты бойынша, жақын уақытта «шағын несиелер ұсыну жолымен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық қолдауды күшейтуге маңыз беріледі». Шағын қалаларда шағын кәсіпкерлікті дамытудың маңызын ескере отырып, қор арқылы несиелеу процесінің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында аталған бағдарлама аясында несиенің төменгі көлемі 75 төменгі есептік көрсеткіш (500 АҚШ долларына жуық) болатыны қарастырылған. Сонымен бірге, жобаның өз-өзін ақтау мерзіміне қарай несиелеу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі уақытты қамтуы, яғни, негізгі қарызды өтеуге жеңілдетілген мерзім ұсыну көзделген.
Мәжілісті қорытындылай келе, аймақтық саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ахметжан Есімов бөлінген қаржы әзірше жоспарға сәйкес игерілмей отырғанын атап өтті. Осыған орай, Ахметжан Есімов Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарғанды, Қостанай, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының мақсатты трансфертті игеру жұмыстарына сын айтты. Оларға 2004 жылы бөлінген 300 млн. теңгені игеруді биылғы қазан айына дейін қамтамасыз ету міндеті жүктелді.