Бұл жөнінде ведомство ресми сауалымызға жолдаған жауабында мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
– Елорда полициясында DJI Mavic 2 zoom дроны бар, ол 2021 жылы 1 007 876 теңгеге сатып алынған. Алдағы уақытта 10 дана дрон кешені жалға алынады, құны – 1 жылға 83 566 496 теңге. Сондай-ақ құрылғыларды басқару және үйлестіруге арналған орталықтандырылған жүйе енгізіледі, — деп мәлімдеді ведомство ресми жауапта.
Мәліметке сай, бұл ақыға төмендегі құрылғылар мен қызметтер кіреді:
- Бейнебақылауға арналған жабдығы бар 10 дрон;
- Әрбір дронға арналған дронопорт. Әр дронопорттың деректерді талдау жүйесі, қауіпсіздік камералары болады. Онда дрондар белгіленген кесте бойынша автоматты түрде ұшып-қонады, сақталады, қуат алады;
- Дронды басқаруға және дроннан Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына тікелей трансляция жасауға арналған автоматтандырылған жұмыс орны;
- Ұшуды басқару орталығы. Ол серверлік жабдығы және барлық дронды бірыңғай басқару платформасы бар арнайы бағдарламаны қамтиды;
- Деректерді сақтау серверіндегі сыйымдылық. Әр пилотсыз авиациялық жүйеден алынған бейнедерек кемінде 30 тәулік сақталады;
- Дрондарды тәулік бойы басқарып, бақылайтын кемінде 5 оператор. Арнайы сертификаты бар әр маманға 2 дроннан келеді;
- Жалдау мерзімінде жүйенің барлық элементтерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық қолдау және қажет болған жағдайда жабдықты ауыстыру;
- Пилотсыз авиациялық жүйелер саласындағы ҚР заңнамасын қызмет көрсетушілердің сақтауы (қажетті рұқсаттарды, лицензияларды, сертификаттарды алу).
Елорда полициясының мәліметінше, аталған жобаның мақсат-міндеті мен тиімділігі зор.
- Саябақтарды, базарларды, қала маңы мен басқа да қауіп-қатері жоғары аймақтарды әуеден патрульдеу, қалдықтарды тастау, көлдерді ластау, сондай-ақ муниципалдық жерлерден топырақты заңсыз шығару фактілерін анықтау;
- Әуеден бақылау арқылы жердегі патрульдеу жүктемесін азайту;
- Құқық бұзушылықтар мен әкімшілік теріс қылықтарды (жаппай төбелес, ұрлық, жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу және т.б.) бейнетіркеу;
- Жол-көлік оқиғасы орнынан 3D модель жасау;
- Бұқаралық, мерекелік және спорттық іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысу;
- «102» арнасы және бейнебақылау камералары арқылы келіп түскен хабарламаларды мейлінше қысқа уақытта қарастыру;
- Бейнеағымды ҚР ІІМ-нің қолданыстағы бейнеаналитика платформасына жинау және деректерді полицияның жағдаяттық орталығына жіберу.
Сондай-ақ, Полиция департаменті мұндай кешенді сатып алғаннан гөрі жалға алу тиімді екенін атап өтті.