Конференцияның мақсаты — А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына жан-жақты ғылыми талдаулар жасау; тіл мен әдебиет, педагогика, әдістеме салаларындағы А.Байтұрсынұлы салған ғылыми негіздерді одан әрі дамыту, нығайту, болашақ бағыттарды айқындау. Сондай-ақ қазіргі гуманитарлық білім парадигмалары тұрғысынан ғалымның рөлі мен орнын бағамдау көзделіп отыр.
Іс-шараға ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров қатысады. Конференция жұмысында А.Байтұрсынұлы және қазақ тіл білімінің, сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы және қазақ әдебиетінің мәселелері, қазіргі Ахметтану мәселесі мен А.Байтұрсынұлы және қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері бойынша Парламент Сенатының депутаты Ғ.Есім, белгілі ғалымдар Д.Қамзабекұлы, Ш.Құрманбайұлы, Т.Бөрібаев, М.Серғалиев, Р.Сыздық, А.Ісмақова баяндама жасайды.
«Конференцияға еліміздің және шет елдің жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамы мен жас ғалымдар қатысады. Шара барысында тіл білімінің өзекті мәселелері талқыланып, ғалымдардың өзара тәжірибе алмасып, пікір алысуына мүмкіндік беріледі», — делінген баспасөз хабарламасында.