Бұл туралы бүгін Туризм және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында «ITECA» компаниясының AstanaLeisure жобасының менеджері Алена Герасимова мәлім етті.
«AstanaLeisure көрмесі халықаралық Туризм күні және 2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін 7-ші қысқы Азия ойындарының құрметіне арналып өткізіліп отыр», дейді А. Герасимова.
«Аталмыш көрменің биылғы жылдағы басты міндеті — Қазақстанның Қысқы Азия ойындары барысында шетел азаматтарын қабылдауға дайындалып жатқан ел ретінде оның бейнесін, туристік әлеуетін паш ету», деп атап көрсетті ол.
Көрменің орталық стенді болып Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің стенді саналмақ. Онда Азиада — 2011 шарасы толық көлемде насихатталады. Ұлттық туристік әлеует облыстық және Астана мен Алматы қалаларының басқармаларының стендтері арқылы да ұсынылатын болады.
Бұл республиканың барлық өңіріндегі, таяу және алыс шетелдердегі туристік индустрия компанияларының басын қосатын ірі кәсіби туристік оқиға екендігін назарға алған А. Герасимова, биылғы көрмеге жергілікті және халықаралық бағыттарда қызметтер ұсынатын Қазақстан, Бразилия, Малайзия, Түркия, Қытай, Солтүстік Африка, Тайланд, Украина, Чехия мен Швейцария елдерінен 50-ден астам компания келіп қатысқалы отырғандығын хабарлады.
«Көрмеде қысқы маусым демалысы ашылғандықтан Малайзия, Тайланд елдерінің, сонымен қатар Түркияның ұлттық стендтері, бірнеше жыл үзілістен кейін бізге Украинаның стенді қайта оралды», дейді А. Герасимова.
Сондай-ақ ұттық стендтерден бөлек, онда соңғы туристік өнімдер, әуе компанияларының арнайы ұсыныстары және туристік нарықтағы мемлекеттік құрылымдардың қызметтері таныстырылады.
Көрме аясында қазақстандық туристік ұйымдар өздерінің шетелдік әріптестерімен іскерлік келісімдер жасауға қол жеткізетін болады.